2025 жылғы атышулы заң жобалары

2025 жылы Қазақстан қоғамында үлкен талқылау тудырған және әлі де даулы болып қалып отырған бірнеше негізгі заң жобалары мен бастамалар бар. Олар жыл бойы талқыланды, депутаттар үкіметте бірнеше рет оқылымнан өткізді. Сол жобалардың ішінде ерекше ел назарына іліккен құжаттарды ұсынамыз.
ЛГБТ насихатына тыйым салу
Заңды кім ұсынды: Елдегі ең жылдам қабылданған ең шулы заң жобасының бірі – ЛГБТ насихатына тыйым салу. Осы жылы қазанда Ринат Зайытов, Наталья Дементева, Ирина Смирнова және Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ депутат ЛГБТ насихатына тыйым салу керек деген норманы заңға енгізу деген ұсыныс айтты.
Заңды талқылау қалай өтті: Басты мақсат балаларды дәстүрлі емес жыныс өкілдерінің насихатынан қорғау деп түсіндірді олар. Сөздерінше, ата-аналары арнайы шағым түсіріп, сұраған көрінеді. Ақпарат және мәдениет вице-министрі Евгений Кочетов арнайы сауалнама жасап, зерттеу жүргізгенін де айтты. Бірақ ол зерттеу нәтижесі сол күйі көпшілікке жарияланбады.
Депутат Еділ Жаңбыршин ЛГБТ өкілдері жала жапты, мен туралы жалған ақпарат таратты деп шағым тартты. Тіпті мәжілістің тікелей эфирінде өзінің «гей емес, гетереосексуал» екенін айтып, ақталуына тура келді.
Бұл жоба халықаралық ұйымдардың қызығушылығын тудырды. Заң Сенатта енді талқыланғалы жатқанда, СІМ Еуроодақ өкілімен келіссөздер бастаған. Тура сол сәтте жоғары палата бұл заңды талқыламайтын болып, күн тәртібінен алып тастады. Ал одақ өкілдері заң жобасының тағдырын бақылап отыратын айтты.
Қоғамдағы белсенділер, журналистердің, тіпті халықаралық ұйымдардың қарсылығына қарамастан 12 қарашада мәжілісте, 18 желтоқсанда сенатта ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң қабылданды.

Заңдағы өзгерістер: Енді ЛГБТ өкілдері тікелей эфирге шығуына, семинар, митинг, акция сияқты көпшілік шаралар ұйымдастыруына тыйым салынады. Егер заң бұзса, қоғамдық жұмысқа жегіледі немесе 10 күнге қамалады.
Сталкинг ұғымы енгізілді
Заңды кім ұсынды: Осы жылдағы ерекше заң жобаларының бірі – Қылмыстық кодекске сталкинг (аңду, ізінен еру) ұғымының енгізілуі. Бұрын адамның соңынан аңдып, үйінің маңын торуылдап, тіпті әлеуметтік желілерде аңдып отыруы заңсыз әрекет деп саналмайтын. Тіпті оны жауапкершілікке тартатындай ешқандай норма да жоқ еді. Енді сталкинг қылмысқа теңестірілді.
Сталкингті ұғымын Қылмыстық кодекске енгізуді жылдың ақпанында мәжіліс депутаты Абзал Құспан ұсынды. Бұл елде жаңадан енгізіліп келе жатқан норма екенін айтып, қылмыстық жауапкершілікке қатысты өте абай болу керек дегенді атап өтті.
Заң қалай талқыланды: Сталкингтің салдары, оның қаупі елімізде көп айтыла бермейтіні рас. Заңгерлердің сөзінше, кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің 76 пайызы сталкингке ұшырайды. Ал сталкер тіпті өз әрекетінің жауапкершілігін сезінбейді де, әрекетінің шекарасын ажырата алмайды.
Шетел тәжірибесінде, сталкинг үшін жаза қатаң, қамауға алады. Ал Қазақстандағы заңнама бап жазасы тым жеңіл дейді мамандар.
Қыркүйекте Атырау облысында алғаш рет сталкинг бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Заңдағы өзгерістер: Жаңа заң бойынша, сталкинг жасағандар 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді, сондай-ақ 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Қыз алып қашқандар қамалады
Заңды кім ұсынды: Қыз алып қашқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды қоғам ұзақтан бері талап етіп келеді. Мәжілісте бұл мәселені депутат Абзал Құспан, Мұрат Әбенов көтерді.
Заң қалай талқыланды: Депутаттардың сөзінше, қыз алып қашу кейбір өңірлерді әлі де кездеседі. Соңғы үш жылда қыз алып қашу немесе мәжбүрлеп некеге тұрғызу бойынша полицияға 214 шағым түскен. Бірақ оның тек оны ғана сотқа жеткен, өзгесі жабылып қалған. Көп жағдайда қыздың сөзін ешкім елемейді дейді депутаттар.
Қоғам қыз алып қашу ол дәстүр емес қылмыс екенін түсінуі керек. Сол үшін арнайы заң жобасы қабылданып отыр.
Заңдағы өзгерістер: 16 қыркүйекте Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталатын жаңа 125-1-бабы енді. Соған сәйкес, қыз алып қашуға тырысқан азаматтарға 2 мың АЕК (7 864 000 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер айыппұлға көнбесе, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі.
Діни көзқарастар да назарда болады
Заңды кім ұсынды: Елде бетін тұмшалап алатындарға тыйым салу туралы мәселе көптен бері айтылып жүр. 2016 жылғы Ақтөбедегі терактіден кейін тіпті күшейіп, сол кездегі дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арнайы заң жобасын да әзірлей бастады. Бірақ ресми қабылданбады. 2024 жылы Атырауда өткен құрылтайды Тоқаев адамның бет-әлпетін жасыратын киімді «ұлттық құндылыққа жат құбылыс» деп атады.
Заң қалай талқыланды: Осыдан кейін бұл мәселені мәжіліс депутаттары көтерді. Никаб, хиджаб сияқты киімге тыйым салудың басты себебі – қауіпсіздік. Мұндай киімдер адамның түр-сипатын тануға кедергі келтірді. Ниқаб киюге қарсы заңды мүфтият та қолдағанын айта кету керек.
«Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдап жатыр», – деп мәлімдеді мүфтият.
Заңдағы өзгерістер: Маусымда Тоқаев арнайы заңға қол қойды. Енді қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салынады. Қоғамдық орындарда ниқабпен жүргендерге әкімшілік жаза қолданылып, 43 мың теңге айыппұл салынады.
Дәрігерлерге қол көтергендер жазаланады
Заңды кім ұсынды: Осы жылы жазда Қостанай облыстық ауруханасында операциядан шыққан хирургті емделуші соққыға жығып, реанимацияға түскен еді. Ал Қарағандыда балалар ауруханасының екі дәрігеріне емделуші дене жарақаттарын келтірген. Осы жағдайлардан кейін министр Тоқаев медициналық персоналға жасалған шабуылдар үшін жазаны күшейту туралы тапсырма берді. Арнайы заң жобасы әзірленіп, оны депутат Асхат Аймағамбетов таныстырды.
Заң қалай талқыланды: Құжат мәжілісте бірнеше рет талқыланды. Заң авторлары дәрігерді ерекше мәртебемен қорғалатын мамандық қатарына жатқызуды ұсынды. Яғни полицей, құтқарушы, судья мен салық инспекторын қорғағандай дәрігерлер де қорғалуы керек. Егер шабуыл жасаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек.
Бірақ дәрігерлер мен науқастардың арасындағы қарым-қатынасты қылмыстандыруға қарсы шыққандар да болды. Депутат Абзал Құспан Қылмыстық кодекстің құрылымын қатты бұзып алдық деп сынға алды. Ол қиналып жатқан науқастың эмоциямен айтқан ауыр сөзін қылмыс деп бағалай бермеуі керек дейді. Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселеде әрбір дерек жеке қаралып, зерттелетініне уәде берді.
Заңдағы өзгерістер: Желтоқсанда мәжіліс заң қабылдап, Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне күш қолдану немесе қорқытуға қатысты жаңа 380-3-бап енгізілді. Медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргендерге айыппұл салады, қоғамдық жұмыспен айналысады. Ал ауыр немесе аса ауыр жарақат салғандар 5-12 жылға дейін түрмеге қамалады.
Салық кодексіне өзгеріс енгізілді
Заңды кім ұсынды: Осы жылдың ең даулы құжаты – жаңа Салық кодексі, оның ішіндегі ең маңызды пункт – ҚҚС көтеру. Ал заң жобасын ұсынған – президент Тоқаев. 2024 жылғы жолдауында Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты талқылау жүргізуді тапсырды.
Заң қалай талқыланды: Негізі үкімет осыдан екі жыл бұрын ҚҚС-ны 12%-дан 16%-ға көтеру туралы ұсыныс айтқан. Сол кезде өте үлкен қарсылық болды, кәсіпкерлер де, қоғам да қолдамады. Биліктің салықты көтеруіне басты себеп – бюджет тапшылығы. Жылдан жылға бюджет түсімі мен шығыны арасындағы айырмашылық үдеп барады. Орнын толтыру үшін де салықты көтермекші.
Бірақ салық режимін өзгертуге кәсіпкерлер, бизнес ортасы барынша наразылық білдірді, шағын бизнесті тұралатып тастайтынын айтты. Мамандар сөзінше, құжаттағы салық режимін өзгерту шағын және орта бизнестің жолын жабады. Көп кәсіпкерлер көлеңкеге кетуге мәжбүр болады дейді. Одан бөлек келесі жылдан бастап азық-түлік, сервис бағасы жаппай қымбаттайды деген қауіп бар.
Салық кодексімен жұмыс істеген негізгі орган – Ұлттық экономика министрі. Ведомство басшысы Серік Жұманғариннің өзі де баға көтерілетінін мойындады.
Заңдағы өзгерістер: Жаңа құжат 2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа салық түрлері пайда болады. Салық жеңілдіктерін алу ережесі де өзгеріске ұшырайды. Ол жайлы толығырақ мына жерден оқи аласыз.