Байханов рекорд орнатты: Павлодар облысы масамен күреске 13,6 млрд теңге бөлмек

Жарияланды 22 Желтоқсан 2025 14:44

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Маса қан сорғышпен күрес масаға қарсы ақша
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Павлодар облысы маса мен шыбын-шіркеймен күреске 13 млрд 674 млн 377 мың теңге бөлгісі келеді. Қаражат үш жылда игеріледі. Бір ғана қызметтен тұратын лот мемлекеттік сатып алу порталында 2025 жылғы 22 желтоқсанда жарияланды. Қазақстан тарихында масамен күреске мұншама миллиард ешқашан бөлінген емес. Асайын Байханов әкімдігі рекорд орнатты.

Тендер мерзімі

Масаға қарсы қыруар қаражаттың ашық байқауын талқылау екі күнге созылады. 25 желтоқсанда тендерге қатысушылардан өтініш қабылдау басталып, 2026 жылғы 5 қаңтарда аяқталады.

Тапсырысты Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жариялады.

Мақсат пен міндет

Миллиардтар 2026-2028 жылдары игеріледі. Өңір басшылығы соның көмегімен халықтың мазасын қашырған масадан арылғысы келеді.

«Халыққа жайлы болуы үшін, сонымен бірге қансорғыш санын реттеу үшін жыл сайын жайылма аумақтар мен облыстағы елдімекендерде дезинсекция жүргізіледі», – деп жазылған лоттың техникалық сипаттамасында.

Масамен күрес үш жолмен жүргізіледі:

  • Авиация көмегімен барлығы 172 мың га аумаққа биологиялық және химиялық препарат шашу;
  • Ертіс өзенінде баржалармен кемі 3200 шақырым аумаққа биологиялық дәрі шашу (Ақсу қаласы мен тағы оннан астам ауыл);
  • Ыстық тұман термогенераторы көмегімен Павлодар қаласы мен тағы 70 шақты елдімекенде дезинфекция жүргізу.

Құжатта химиялық және биологиялық препараттарға қойылатын талап сипатталған.

Аз ба, көп пе

13,6 млрд теңге қаражат үш жылға жұмсалады деген күннің өзінде, масаға қарсы мұндай қырурар қаражат Қазақстан тарихында бір өңір немесе қала деңгейінде алғаш рет бөлінгелі отыр.

Өңірде өзен мен көл, батпақ көп болғандықтан, маса мәселесі бар екені рас. Бірақ, республика бюджеті тапшылық көріп жатқан тұста, өңір әкімі Асайын Байхановтың не себепті шыбын-шіркейге миллиардтаған теңге жұмсайтыны белгісіз.

Салыстырар болсақ, 2023 жылы облыс масамен күреске 1,2 млрд теңге бөлген. Қазіргі тапсырыс бұдан шамамен төрт есе асып түсті.

Сондай-ақ оқыңыз