Мейірман Шекеев 2026 жылды «қазақ тілі жылы» деп жариялауды ұсынды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Танымал заңгер Мейірман Шекеев келер жылды «қазақ тілі жылы» деп жариялауды ұсынды. Шекеев бұл бастаманы қолдау үшін Қазақстан Президентіне үндеу жасауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Заңгер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, соңғы уақытта мемлекеттік тілге қатысты қоғамда болып жатқан оқиғаларға назар аударды.

Орыс тілінде сөйлеуге міндеттей алмайды

Мейірман Шекеевтің айтуынша, жақында қоғамдық көлікте болған жанжалға байланысты орыс тілінде сөйлеуді талап етіп, балағат сөздер айтқан азаматтарға қатысты сот процесі өтіп, құқық бұзушылар жауапкершіліктен қашып құтыла алмаған.

«Автобустағы оқиғаға қатысты ер азамат та жауапкершіліктен құтыла алмады, оған да сотпен жаза арқалаттық. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде орыс тілінде сөйлеуді талап етіп жатқандар көп. Алайда Қазақстан Республикасының заң нормаларына сәйкес, ешкім орыс тілінде сөйлеуге міндетті емес», – деп жазды заңгер.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның 4-бабын еске салып өтті. Аталған бапқа сәйкес, әрбір қазақстандық ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді – қазақ тілін меңгеруге міндетті.

«Мінезді болайық. Мен сот алдында да орыс тілінде сөйлеуді талап еткен өтініштерге бой ұсынбаймын», – деді Шекеев.

Заңгер келер жылды мемлекеттік тілге арнау жөніндегі бастамасын қолдайтын азаматтарды пікір қалдырып, белсенділік танытуға шақырды. Сондай-ақ, егер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми үндеу жолдаса, халықтың қолдайтынын білгісі келетінін жеткізді.

«ев» жалғауынан арылдым»

Бұдан бөлек, Мейірман Шекеев тегіндегі «ев» жалғауын алып тастап, енді Мейірман Қалмаханұлы болғанын жеткізді.

«Мен жеке куәлігімдегі құлдық «-ев» жалғауынан арылдым. Сіздерге челлендж ретінде жолдаймын», – деп жазды ол.

Ең бастысы, қоғам белсендісінің айтуынша, халықтың талабы ескеріліп, ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар әрекеттерге қатысты Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркелген.

«Бұл – халқымыздың бірлігін танытып, мені қолдауының арқасы. Ешкімнің қазақ халқына тіл тигізуге құқығы жоқ. Қалғандарына да сабақ», – деді ол.

Қорытындылай келе, Мейірман Шекеев жұртшылықты бірігуге шақырып, алдағы уақытта 2026 жылды мемлекеттік қазақ тілі жылы ретінде жариялау жөнінде президентке үндеу жасау жоспарланып отырғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мейірман Шекеев Астанадағы фельдшер қыздың қазасы туралы тың мәлімет жариялаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз