Сарапшылар 2026 жылы тұрғын үй бағасы қандай болатынын айтты

2025 жылы тұрғын үй бағасы 15,6%-ға қымбаттаған. 2025 жылдың қарашасындағы деректер Қазақстанның бастапқы тұрғын үй нарығы жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Баға әлі де өсіп жатқанымен, қарқыны баяулаған. Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығының сарапшылары 2026 жылы тұрғын үй нарығы қалай құбылатынына қатысты болжам жасады.
2025 жылғы қарашада жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің орташа құны 568,8 мың теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 15,5%-ға жоғары. Яғни тұрғын үй бағасының өсімі жылдық инфляциядан (12,4%) асып түсті. Дегенмен айлық өсім бар болғаны 2,5% болды, бұл нарық «қызуы» басылғанын аңғартады.
Қарашада 40 мыңға жуық сату-сатып алу мәмілесі жасалған. Қазан айымен салыстырғанда аздау, бірақ бір жыл бұрынғы деректен сәл жоғары. Яғни сұраныс толық құлаған жоқ, алайда бұрынғыдай белсенді де емес. Бұл сатып алушылардың шешім қабылдауда сақтық таныта бастағанын көрсетеді.
Өңірлер арасындағы алшақтық күшейді
Баға динамикасы, ең алдымен, ірі қалаларға тәуелді болып қалды. Алматыда шаршы метр құны ең жоғары деңгейде қалыптасып, баға өсімі екі таңбалы көрсеткішке жетті.
Астанада керісінше, бір айда баға күрт төмендеп, республикалық орташа көрсеткішке тікелей әсер етті. Шымкент, Тараз, Өскемен сияқты қалаларда да баспана бағасы сәл арзандағаны байқалды.
Бұл тұрғын үй нарығының біртұтас емес, әр өңірде әртүрлі сценариймен дамып жатқанын көрсетеді.
Нарықты ипотека құтқарып тұр
Ипотекалық нарықта номиналды өсім бар: несие көлемі, өтінім саны артқан. Алайда нарықтың негізгі бөлігі жеңілдікті мемлекеттік бағдарламаларға тәуелді. Коммерциялық ипотеканың үлесі қысқарып келеді. Бұл – нарықтың өздігінен емес, мемлекеттік қолдаудың есебінен қозғалып отырғанының белгісі.
2025 жылдың 9 айында ипотека нарығы 25%-ға өсті. Ипотека алуға түскен өтінімдер саны 10%-ға артты. Соның ішінде нарықтың 67%-ы мемлекеттік бағдарламалардың үлесінде, ал коммерциялық ипотека 33%-ға дейін қысқарған.
Құрылыс жұмыстарының көлемі артқанымен, құрылыс материалдары мен қосалқы шығындардың қымбаттауы бағаға қысым түсіріп отыр. Құрылыс саласындағы шығындардың өсуі бағаның төмендеуіне жол бермейтін негізгі факторлардың бірі болып қалды.
2026 жылға болжам қандай?
2025 жылдың соңындағы деректер тұрғын үй нарығының «тұрақтану алдындағы» кезеңде тұрғанын көрсетеді. Қысқа мерзімде бағаның күрт құлдырауы байқалмайды.
Ал 2026 жылы бағаның қайта қымбаттауына бірнеше фактор ықпал етуі мүмкін: жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуі, үлестік құрылыс талаптарының қатаюы, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі және зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігінің артуы.
Halyk Research талдау орталығының сарапшысы Арсылан Ароновтың пікірінше, 2025 жылдың соңына дейін нарықта қазіргі динамика сақталады.