Алакөл, Балқаш, Бұрқан-бұлақ: Жетісу туристік жұмаққа айнала ма

Жетісу өлкесі туристік жұмаққа айналуға сұранып-ақ тұр. Қазақстандағы ең биік сарқырама – Бұрхан-Бұлақ, Алакөл, Балқаш, Жасыл көл, Айғайқұм, ежелгі петроглифтер кешені Ешкіөлмес осы аймақта орналасқан.
Тек туристерді тартып, көрікті мекенді көруге қызықтыра білу керек. Бұл міндетті Visit Zhetysu өз міндетіне алып отыр. Бұл мекеме ұйымдастырған 18-20 аралығында өткен блог-тур облыстың туристік әлеуетін бағамдауға ықпал етті.

Жалпы, Жетісу облысы жері – 11 млн 846 мың га. Шамамен, 118 мың шаршы шақырым. Халық саны – 699,1 мың адам. Облыс орталығы – Талдықорған қаласы. Жетісу облысының құрамына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған, Текелі қалалары кіреді.
Әрине, келген туристті көп нәрсе қызықтырады. Көңілді демалыс, табиғатты тамашалауды айтпағанда, өлкенің тарихынан бастап ас-ауқатқа дейін назардан тыс қалмайтыны анық.

Үштөбе маңындағы Ескелді би кесенесіне тәу етушілердің қарасы көп. Жергілікті жұрт әулиенің мәңгілік мекенін киелі деп біледі. Өлкенің өткенінен хабар беретін «Қаратал» тарихи өлкетану мұражайының есігі ұдайы ашық. Үштөбедегі «ЛАД» секілді кәріс мейрамханасы ең кірпияз, талғампаз туристердің де көңілінен шығатыны сөзсіз.
Сырымбет ауылындағы «Tek Tau» зауыты сан дертке шипа болатын балдың түр-түрін шығарады. Талдықорғандағы JLC сүт өнімдері зауыты табиғи өнімдер ұсынады.

Талдықорғанның іргесінде танымал «Қызыл-Тасбақа» туристік нысаны бар.
Сонымен қатар Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі орналасқан. Онда ақынның шығармашылығымен танысып, ұстаған заттары мен киген киімдерін де көруге болады.
Кеңес дәуірінің тынысын сезгіңіз келсе, Текеліге барыңыз. Онда сол кездегі архитектура, қала салу үлгісін көруге болады.

Лениннің ескерткіші де сол күйі сақталған. Айтпақшы, елге танымал «Алақай» атты томпақ күлше шығаратын зауыт та осы Текеліде орналасқан. Бір қызығы, әлемдегі ең ұзын екі көшенің бірі осы шаһарда екен. Қонаев көшесінің ұзындығы – 37 шақырым.
Текелі қаласының тауға қарай жүрсеңіз, еліміздегі ең үлкен сарқырама Бұрқан-бұлаққа жол салынып жатыр. Жол жөнекей Будда бейнеленген тасты көре аласыз. Текеліде түрлі демалыс аймақтары, мейрамханалар орналасқан.

Бұл – Қазақстандағы ең биік әрі ең ғажайып сарқырама. Ол Жетісу (бұрынғы атауы – Жоңғар Алатауы) тауларында, Қора өзенінің шатқалында орналасқан. Биіктігі – 168 метр. Сарқырама теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасыпты.

Облыс басшылығы мен Visit Zhetysu табиғатты сақтап, аялай отырып, туристер үшін тартымды туристік маршруттар қалыптастырып, дамытуға уәде беріп отыр.