«Кеткісі келмегендей көрінді»: көпшілік Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды

Алматыда мыңдаған адам халық әртісі Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды.
Қаралы қауым арасында марқұмның туыстарымен қатар мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды, жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, актер Болат Әбділманов, ақын Жүрсін Ерман, ақын Ұлықбек Есдәулет те бар.
Президент жеделхаты
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жиналған қауымға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
«Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образды шебер сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахна саңлағы және кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады», – делінген президент жеделхатында.

«Күн санайтын жастамыз»
Сондай-ақ Ерлан Қарин біраз уақыт бұрын президент өзіне Асанәлі Әшімовпен кездесуді тапсырғанын айтты.
«Президент «менің атымнан Асанәлі ағаңмен жолығып, сәлемімді жеткізесің» деген болатын. Өткен аптада Алматыға келіп, Асанәлі ағамызбен кездестім. Қасына серік болсын деп Жүрсін Ерман ағамызды, Қалқаман Сарин, өнер саласында жүрген бірқатар жасты шақырдым. Үш сағат бойы әңгімелестік. Асанәлі ағамыз әдеттегідей естеліктерін айтты. Сол күні ашылып сөйледі. Кеткісі келмегендей болып көрінді, асықпады. Қоштасып бара жатқанда Асанәлі ағаға «аға, Алматыға енді жаңа жылдан кейін келермін. Сонда тағы бір жолығармыз» деп едім.
Ағамыз «Ерлантай, кезінде жыл санап едік, кейін ай санадық, қазір күн санайтын жастамыз. Құдай қаласа дейік» деді. Әттең, сол күні соңғы кездесуіміз екенін білмедім. Президентіміздің сәлемін жеткізіп үлгердім», – деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Асанәлі Әшімовті ұлтқа ұйытқы болған ағалардың бірі әрі бірегейі еді деп еске алды.
Өнердің Мұхтар Әуезові
Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Асанәлі Әшімовтің өнеріне тоқталды.
«Асанәлі – қазақ өнерінің шырқау шегіне жеткен 4-5 адамның бірі. Ол – өнер мен киноның Мұхтар Әуезові. «Ымырттағы махаббат» спектаклін көріп тұрып жыламаған қазақты көрсем, көзім шықсын. Ондай спектакль, драматургияда тек қана Асанәлі сияқты адамдар ойнауы керек. Жүзінші қойылымын қойғанда қазақтар қуанды. Сонда Асанәлі өзін ойнап тұрғандай, өзінің тағдырын айтып тұрғандай болды. Айналасындағы өзін түсінбейтін адамдарға деген көңілін айтып тұрғандай болды», – дейді Мереке Құлкенов.
Құлкенов Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімоваға алғыс айтты.

«Асекең кейінгі кездері күнделік жанрында кітап жаза бастады. Күнделік жанрында адамның өтірік айтуы мүмкін емес. Өтірік айтсаң, өзіңе айтқан өтірік болып кетеді. Ал сол күнделікті қалай керемет жазды?! Сол күнделікте қаншама адамның жүрегі, қаншама адамның мінезі, қаншама адамның тағдыры тұр», – дейді Құлкенов.

Ал актер Болат Әбділманов марқұмды «өнердің бас сардары» деп атады.
«Тұтас бір дәуір көшті. Халық барда, артынан ерген талантты ізбасарлары барда Асекеңнің өнердегі дара жолы шаң баспайтынына, көтерген туының жығылмайтынына нық сенімдіміз», – деді актер.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 21 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Қазақ ұлттық опера және балет театрына жиналған көпшілік қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға қол соғып шығарып салды. Актер Кеңсай – 1 зиратына жерленеді.