Алматының жаңа бас жоспары: 2040 жылға дейін метро желілері ұзарады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Алматы метросы / Фото: metroalmaty.kz

Алматы қаласының әкімдігі 2040 жылға дейінгі бас жоспарға енгізілетін түзетулер жобасын ұсынды. Қоғамдық тыңдаулар 24–26 желтоқсан аралығында өтеді. Жоба қала құрылысы және сәулет басқармасының сайтында жарияланған. Құжат жобасында метро желісінің толық сызбасы да берілген.

Алматыда метро қай аумақтарға дейін салынады

Сызбаға қарағанда, метро желісі қаланың барлық ауданын қамтитын шеңбер түрінде тартылады.

  • Шеңберлі желі (жасыл түспен) әуежайдан басталып, бірнеше ауданды кесіп өтеді: Түрксіб, Жетісу, Алатау және Наурызбай аудандары.
  • Қаланың солтүстік және батыс бөлігіндегі болашақ құрылыс аймақтарын қамтиды.
  • Кейін Жандосов және Тимирязев көшелерінің бойымен Шашкинге дейін жалғасады.
  • Одан әрі Байтурсынов көшесінің бойындағы шағынаудандар арқылы Гогольге дейін барады және әуежай желісімен қиылысады.

Метро екі теміржол вокзалын байланыстырады

Тағы бір тармақ (қызыл) Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарын жалғайды.
Желі «Райымбек» метро станциясынан басталып, Сейфуллин даңғылының бойымен өтеді.

Метро үшін үйлер сатыла бастады

Екінші (сары) желінің жобасы бекітілген. Қазіргі таңда осы бағытқа түсетін жер телімдерін әкімдік сатып ала бастады.

Бұл тармақ жұмыс істеп тұрған «Жібек Жолы» станциясын Алматы әуежайымен байланыстырады:

  • Гоголь көшесімен Орталық мәдениет және демалыс саябағына дейін;
  • ары қарай – Үлкен Алматы айналма жолының бойымен Кұлжа тас жолына дейін;
  • одан кейін –  әуежай бағытына қарай бұрылады.

Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарындағы нысандар сүріледі. Қазіргі уақытта 93 жер учаскесін алу туралы қаулы шыққан.

Үшінші желі қай жерден өтеді

Қаланың келесі жылғы бюджетіне метроның үшінші (күлгін) желісіне қаражат бөлінген. Ол «Сайран» станциясынан бастап, Солтүстік сақина көшесінің бойымен Алатау қаласына дейін барады.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда метро қашан толығымен салынады

Келесі жылы «Қалқаман» станциясын іске қосу жоспарланған.
2026 жылы «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі учаскенің құрылысы басталады, бұл метроның бірінші желісінің аяқталуы болмақ. Құрылыс мерзімі 3 жыл.

Қалған желілердің нақты құрылысы қашан басталатыны әзірге белгісіз. Жоспар бойынша 2040 жылға дейін іске қосылуы керек.

Еске салайық, Алматыда «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, жұмысшылар тоннель тесуді аяқтап қалды. Ал 2025 жылдың аяғына дейін рельс төселеді. Станция 2026 жылдың алғашы жартыжылдығының соңына қарай, яғни мамыр немесе маусым айында ашылады.

Сондай-ақ оқыңыз