«Бәрі маман болып кетті»: Жұманғарин дағдарыс болжамын жоққа шығарды

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік желілерде алдағы жылға қатысты айтылып жүрген экономикалық дағдарыс, шағын бизнестің жаппай жабылуы және инвесторлардың кетуі туралы болжамдарға сын көзбен қарауға шақырды.
Журналист вице-премьерге «экономика мен салық саясаты инвесторлар үшін Қазақстанның тартымдылығын төмендетіп жатыр ма, халыққа осынша кері әсерін беріп жатыр ма» деген сұрақ қойды.
«Әлеуметтік желіге көп сенуге болмайды. Онда жауапкершілік жоқ. Жазып отырғандардың көбінде экономикалық білім де жоқ. Ковид кезінде бәрі вакцинацияның маманы болды, қазір Салық кодексінің білгіріне айналды», – деп жауап берді әлеуметтік желілердегі пікірлердің негізсіз екенін айтқан Жұманғарин.
Вице-премьердің сөзінше, Үкімет шешімдерді жабық қабылдаған жоқ. Яғни, бір жыл бойы бизнес өкілдерімен және қоғаммен ашық талқылау жүргізілген. Ол сондай-ақ «Іскер аймақ» жаңа бағдарламасының жариялануын экономикалық ахуалдың тұрақты екенінің белгісі ретінде атады.
«Мұндай бағдарламаны іске қосуға мүмкіндік бар, себебі келесі жылдың кірістерін көріп отырмыз. Бұл шағын және микробизнеске, әсіресе шалғай аудандарда жаңа кәсіп бастауға жол ашады», – деді Жұманғарин.
Бұған дейін Үкімет өңірлердегі шағын және микробизнесті қолдауға арналған жаңа «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама ауылдар мен шағын, моноқалаларда өндірісті дамытуға бағытталған.