Әзербайжан президенті Илхам Әлиев неге Ресейдегі саммитке қатыспады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Илхам Әлиев, Владимир Путин
Фото: Михаил Терещенко / ТАСС

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Санкт-Петербургте өткен ТМД көшбасшыларының саммитіне қатыспады. Елдің президент әкімшілігі Әлиевтің жұмыс кестесі тым тығыз деп түсіндірді.

«Настоящее время» жазуынша, Ресей Әлиев қатысады деп күтіп, арнайы дайындалған. Оның келмейтіні туралы тек соңғы сәтте белгілі болған.

Әзербайжан президенті соңғы рет Санкт-Петербургке 2023 жылы ТМД көшбасшыларының саммитіне келген. 2024 жылы Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының Embraer 190 лайнері апатқа ұшырағаны белгілі болған бойда ұшағын кері бұрып, іс-шараға қатысудан бас тартты.

Еске салайық, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Azerbaijan Airlines компаниясының Баку-Грозный бағытында ұшқан Embraer әуе кемесі Ақтау маңында құлады. Ұшақта 62 жолаушы болған. Олардың 37-сі – Әзербайжан, 16-сы – Ресей, алтауы – Қазақстан, үшеуі – Қырғызстан азаматы.

Кейін халықаралық БАҚ дереккөздеріне сүйеніп, Ресей аумағында ұшаққа оқ атты деп хабарлады. Осыдан кейін Баку мен Мәскеу арасы суып кетті.

Биыл қазанда Путин мен Әлиев кездескен. Сол жиында Путин Ресей әуе қорғанысы ұшақты тікелей атпаған деп түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз