«Мұндай заң қажет емес»: Үкімет екі рет сауал жолдаған депутаттарды неге қолдамады

Мәжіліс депутаттары Үкіметке екінші рет «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» арнайы заң жобасын қабылдауды өтінген. Алайда кабмин бұған келіспей отыр.
Үкімет не дейді
Бұл жолғы сауалға Олжас Бектенов былай деп жауап жолдаған.
«Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң жобасына Үкімет қорытындысы мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталып, Президент әкімшілігімен келісілді. Сондай-ақ Үкімет отырысында мақұлданып, 9 қыркүйекте Мәжіліске енгізілді. Заң жобасында ұсынылған нормалар Конституцияда, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияда, «Мәдениет туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Ғылым және технологиялық саясат туралы» және т.б. заңдармен қатар Қазақстанның мәдени саясат тұжырымдамасында айқындалғандықтан қолдау таппады. Бұл ретте Парламент Мәжілісі Үкіметке қайта енгізген заң жобасына сәйкес Үкімет қолданыстағы «Мәдениет туралы» заң аясында «Материалдық емес мәдени мұра» бабын енгізе отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен пысықталған Үкімет қорытындысын жолдайды», – дейді Бектенов.
Депутаттар ұсынысы
Еске сала кетейік, бұған дейін «Аманат» партиясы депутаттары салт-дәстүр, ән мен күй, айтыс пен жыр, аңыз бен ертегі сияқты ұлттық құндылықтарды ұлттық бірегейліктің маңызды негізі ретінде тану және оларды қорғау үшін арнайы заң қабылдауды Үкіметке ұсынған. Тіпті өздері «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» арнайы заң жобасын әзірлеген.
Алайда Үкімет «мұндай заң қажет емес, барлығы «Мәдениет туралы» заңмен реттелген» деп жобаға теріс қорытынды берген.
«Біз бұл көзқарасты бюрократиялық формализмнің көрінісі деп есептейміз. Мәдениет туралы заң бұл мәселені шешеді деу – мектептегі дене шынықтыру сабағын өткізу – Ұлттық олимпиада құрамасын Олимпиадаға дайындауға жеткілікті дегенмен бірдей ұстаным. Өйткені қолданыстағы заң, біздің ұсынып отырған нормаларды қамтымайды», – деп сауалды депутаттар екінші рет жіберген еді.
Мәжілісмендер ертең мәдени мұраларымызды жеткізетін адам қалмауы мүмкін екенін айтады. Сондықтан депутаттар ұлттың бірегейлігін сақтап қалатын нақты заңды қабылдауды ұсынып отыр.