Кәсіпкер сауда орталығын салу үшін 77 млн теңге салған жерді әкімдік тартып алмақ

Астанада кәсіпкерлер миллиондаған қаржы салып, рұқсат қағазын алған болса да әкімдік учаскелерді «игерілмеген деп танып, жерді бизнеске жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартып отыр. Бұған бизнес өкілдері шағымданды. Мәселе Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды, деп хабарлайды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Кәсіпкерлер жер учаскелері ескі құрылыстарды бұзғаннан, инженерлік желілерді жүргізгеннен, сараптамадан өткеннен және жалға алуды ұзартуға өтініш бергеннен кейін жиі игерілмеген деп танылатынын айтты.
Осындай жағдайлардың бірін отырыста кәсіпкер Дәулет Әбдірахманов сөз етті. Ол балаларға арналған сауда орталығын салу үшін жер учаскесін жалға алған. Бұған дейін ол жерде жарамсыз тұрғын үй болған, оны кәсіпкер өз қаражатына бұзған.
«Біз шамамен 77 млн теңге жұмсадық, инвесторларды тартып, жалға алуды одан әрі ұзарту үшін өтінішті уақытында тапсырдық. Ал қазір бізден бұл учаскені қайтару үшін игерілмеген деп тануда», – деді Әбдірахманов.
Астана әкімдігінің ұстанымы басқаша. Жергілікті атқарушы органның өкілдері бұл учаскеде соңғы бес жылда құрылыс жұмыстары жүргізілмегенін атап өтті. Сондай-ақ, олар кәсіпкердің өтінішімен бірнеше рет жалдау шартын ұзартқанын атап өтті.
Кеңес мүшелері мен бизнес өкілдері бұл тәжірибені даулы деп атады. Олардың айтуынша, жобаны іске асыру мерзімі әлі аяқталған жоқ және учаскені игерілмеген деп тануға негіз жоқ.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар кейбір жағдайда шешім учаскені тексерусіз және кәсіпкерді алдын ала шешім туралы хабардар етпей қабылданатынын атап өтті.
Кеңес адал жер пайдаланушылардың жалдау мерзімін ұзартуға басым құқығы бар екенін және жерді игерілмеген деп тану заңды рәсімдерді қатаң сақтаған жағдайда ғана мүмкін болатынын еске салды.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері кәсіпкерлердің құқықтарын бұзудың белгілерін байқады. Олар ҚР Жер кодексінде әлі күнге дейін «игеру» ұғымының нақты анықтамасы жоқ екенін, соның салдарынан іс жүзінде даулы шешімдер орын алатынын атап өтті.