Мыс қымбаттағаннан кейін Владимир Кимнің байлығы 8 миллиард доллардан асты

Лондон металдар биржасының бүгінгі сауда-саттығы кезінде мыстың құны тоннасына 12 058 долларға жетті. Осыған орай, «Қазақмыстың» мажоритарлық тең иесі – кәсіпкер Владимир Кимнің жиынтық байлығы 8,1 млрд долларға жетті, деп жазады Bloomberg.
Қыркүйек айында оның байлығы Bloomberg тізімінде 7,94 млрд долларға жеткен еді. Оған дүниежүзіндегі 500 бай адам кіреді. Олардың ішіндегі ең кедейі – британдық Лауренс Графф (Laurence Graff-500 орын), ол тұтыну тауарларымен айналысады, байлығы 7,32 млрд доллар.
Қазақстандық Forbes нұсқасы бойынша Кимнің байлығы 2025 жылдың мамырындағы жағдай бойынша 5,7 млрд доллар, ал ғаламдық Forbes нұсқасы бойынша – 5,6 млрд долларды (706-орын) құрайды.
Владимир Ким KAZ Minerals Ltd компаниясының 63,5% иелік етеді. Kazakhmys Holding Limited-те оның 70%-ы бар. Сондай-ақ, кәсіпкер 89,79% «RBK Банкке» иелік етеді.
10 желтоқсанда Владимир Ким мен Эдуард Огай «Қазақмысты» жаңа акционерге сатуға келіскені белгілі болды. Қараша айының соңында Qazaq Stroy құрылыс компаниясына иелік ететін Нұрлан Артықбаев «Қазақмыстың» жаңа иесі болуы мүмкін екенін жазған едік.