Тоқаев Украинадағы соғыс туралы Трамппен тілдесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы тілдесіп, халықаралық ахуалды оның ішінде Украинадағы қақтығысты сөз етті, деп хабарлайды Ақорда.
«Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібі мен халықаралық ахуал, соның ішінде Украина проблематикасы жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыруға ниетті екенін айтты», – деп жазады Ақорда.
Тоқаев Украина қақтығысын реттеудің күрделі екендігіне назар аударған. Оның сөзінше, бұл шиеленісте территориялық келіспеушілік басты мәселеге айналып отыр. Сондықтан қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, екі жақтың мәмілеге келуі маңызды екенін атап өтті.
Өз сөзінде Тоқаев қақтығысты шешу үшін Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін айтып, қақтығыстың барлық тарабын төзімділік, икемділік және кәсібилік танытуға және бейбітшілік формуласын іздеуді жалғастыруға шақырды.
Қазақстан президенті Трамптың көшбасшылық қасиеті арқасында бірқатар халықаралық әскери қақтығыс тоқтап, АҚШ-тың ішкі әлеуетін күшейтуде оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.
Бұған қоса, Трампты қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Бұл екіжақты қарым-қатынастағы тарихи уақиға болатынына сенім білдірген.