Адам ағзасын сатумен айналысты деген күдікке ілінген қыз елге қайтарылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында және өзге де мемлекеттерде тірі адамдардың ағзаларына қатысты 56 заңсыз мәміле жасаған / фото: shutterstock
Қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында және өзге де мемлекеттерде тірі адамдардың ағзаларына қатысты 56 заңсыз мәміле жасаған / фото: shutterstock

Польшада адам ағзасын сатумен айналысты деген күдікке ілінген қыз экстрадицияланды. Ол 5 жыл бойы бой тасалап келген.

Бұл туралы NEGE.kz хабарлады. Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметінше, Украина азаматы 2017–2018 жылдары адам ағзасын заңсыз сату ісімен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған.

«Оның міндетіне донорлар мен реципиенттерді іздеу және кездесулерді ұйымдастыру, құпиялылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ адам ағзаларын сатып алу-сату және трансплантациялау операцияларына қолдау көрсету кірген», – деп нақтылады Бас прокуратурада.

Қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында және өзге де мемлекеттерде жүріп, тірі адамдардың ағзаларына қатысты 56 заңсыз мәміле жасаған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында адам ағзаларын сатып алу-сату және кейін оларды трансплантациялау фактілері тіркелген.

Қылмыс жасалғаннан кейін, күдікті құқық қорғау органдарынан бой тасалап, 5 жыл бойы халықаралық іздеуде болған.

Биыл наурыз айында ол Польша шекарасынан өтпек болған кезде ұсталды.

Бұған дейін осы қылмыстық топтың басқа да мүшелері Түркия мен Ресейден экстрадицияланған еді.

Мұның алдында қазақстандықтардың Косовода ағза сатумен айналысқандардан зардап шегуі мүмкін екені айтылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз