Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл: Қарулы күштер челлендж жариялады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: ашық дереккөз

Қазақстан Қарулы күштерінде даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай жыл бойы бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы атаулы күн аясында Қорғаныс министрлігі арнайы челлендж жариялады.

Челленджге алғашқылардың бірі болып 54380 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, капитан Өмірсерік Құрбанбек қатысып, батыр Бауыржан Момышұлының рухына арнау өлеңін оқыды.

Сонымен қатар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраев Бауыржан Момышұлының әскери қызмет пен тәртіпті темірқазық еткен еңбектерінен үзінді келтіріп, «Командир мықты болса, әскері де мықты болады» деген батырдың өмірлік қағидасына тоқталды.

Даңқты қолбасшының өмір жолы

Бауыржан Момышұлы 1910 жылғы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қарабастау ауылында дүниеге келген. 1932 жылы әскер қатарына шақырылып, Орта Азия әскери округінің 3-ші Түркістан атқыштар дивизиясының 14-ші таулы атқыштар полкінде бір жылдық курсты тәмамдағаннан кейін взвод командирі қызметін атқарды.

1936 жылы Қиыр Шығыста 105-ші атқыштар дивизиясының 315-ші атқыштар полкінде артиллериялық дивизион командирі болды. 1938 жылы Хасан көлі маңындағы жапон әскерлерімен болған шайқастарға қатысты.

1940 жылы Киев айрықша әскери округіне ауыстырылып, 24-ші атқыштар дивизиясының 406-шы атқыштар полкінде штаб бастығының көмекшісі қызметін атқарды. 1941 жылы Орта Азия әскери округіне жіберіліп, Қазақ КСР әскери комиссариатының әскерден тыс даярлау бөлімінде аға нұсқаушы болып тағайындалды.

Мәскеу түбіндегі ерлік

1941 жылы генерал Иван Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы Волоколамск бағытында Мәскеуді қорғады. 1941 жылғы 16–18 қарашада аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны Матренино ауылы маңында дивизиядан бөлініп, үш күн бойы жауды тежеп тұрды. Шебер басшылықтың арқасында батальон қоршаудан аман шықты.

Қараша айының соңында полк командирі болып тағайындалды. Капитан Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, бұл жоғары марапат қайтыс болғаннан кейін ғана берілді.

Соғыстан кейінгі қызметі мен шығармашылығы

1945 жылғы қаңтарда К. Е. Ворошилов атындағы жоғары әскери академия жанындағы курсты тәмамдап, 2-ші Балтық майданы құрамында жауапты қызметтер атқарды. 1945 жылғы 28 қаңтардан соғыс аяқталғанға дейін дивизия командирінің міндетін орындады.

1946 жылы қайтадан әскери академияға жіберіліп, 1950 жылдан бастап Кеңес армиясының әскери академиясында аға оқытушы болды. 1955 жылы запасқа шығарылып, Алматыға оралған соң өмірін толықтай әдеби шығармашылыққа арнады.

Бауыржан Момышұлы 1982 жылғы 10 маусымда Алматы қаласында дүниеден өтті, Кенсай зиратына жерленді. Кеңес Одағының Батыры атағы 1990 жылғы 11 желтоқсанда ресми түрде берілді.

Сондай-ақ оқыңыз