Ел экономикасына инвестиция сыртқы қарыз есебінен құйылып жатыр

Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,3%-ға өсті. Бұл көрсеткіш соңғы айларда күтілген баяулау кезеңін үзіп, инвестициялық белсенділіктің қайта жанданғанын көрсетті. Алайда өсімнің құрылымына үңілсек, оның басты қозғаушы күші жеке сектор емес, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор болып отырғаны анық байқалады.
Halyk Finance сарапшыларының бағалауынша, инвестиция ең алдымен бюджет қаражаты есебінен артқан. Бұған дейін экономиканы қолдаудың негізгі көзі болған Ұлттық қор трансферттері біртіндеп сыртқы қарызбен алмастырылып жатыр. Бірақ қағидат өзгермеген: статистикалық өсім негізінен мемлекеттік қатысудың арқасында қалыптасып отыр.
Қазіргі кезде негізгі капиталға салынған инвестициялардың 22,6%-ы бюджет қаражатының үлесінде. Бизнестің «өз қаражатының» үлесі 62,7%-ды құрайды. Алайда бұл цифрдың ішінде квазимемлекеттік компаниялардың ресурстары да есепке алынған. Сондықтан нақты жеке бизнестің үлесі ресми статистикадан әлдеқайда төмен болуы мүмкін.
Банк несиесінің инвестициядағы үлесі небәрі 4,3% деңгейінде қалып отыр. Бұл қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды белсенді қаржыландырып отырмағанын аңғартады.
Halyk Research болжамына сәйкес, алдағы үш жылда инвестициялық процестегі мемлекеттің рөлі одан әрі күшейе түспек. Бұған бизнесті қолдауға арналған ауқымды жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары себеп болмақ. Яғни, инвестициялық белсенділік сақталғанымен, ол нарықтық емес, әкімшілік және бюджеттік тетіктер арқылы қамтамасыз етіледі.
Сарапшылар негізгі тәуекел ретінде мемлекеттің экономикадағы үлесінің шамадан тыс артуын атап көрсетеді. Бұл жеке капиталды ығыстыруға, бәсекенің бұрмалануына және бизнестің бюджетке тәуелділігінің күшеюіне әкелуі мүмкін.
Негізгі капиталға инвестиция тартудан Алматы мен Астана қаласы көш бастап тұр.