Енді мемлекеттік сатып алуға түнде қатысуға болмайды

Енді мемлекеттік сатып алуға түнгі уақытта қатысуға болмайды. Бүгін Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізді.
Өзгерістің бірі – енді кез келген затты бірден сатып ала салуға болмайды. Ол үшін алдын ала тапсырыс беру керек. Бұл бәсекелестікті арттырады, яғни бәріне ортақ мүмкіндік береді.
Тауарларды нарықтағы бағадан қымбат алып қоймау үшін де арнайы шектеулер қойылған. Бұл мемлекет қаржысын негізсіз шашпаудың жолы деп түсіндіреді мамандар.
Лоттарды біріктіруге тыйым салынды. Бұрын сатып алушылар өздеріне таныс компаниялар ғана жеңуі үшін бір лоттың ішіне мүлдем ұқсамайтын тауарларды (мысалы, компьютер мен кеңсе үстелін) қосып жіберетін. Жаңа ереже бойынша мұндай «қулықтарға» тосқауыл қойылған.
Жұмыс уақытымен шектелді (08:00–20:00): Ең маңызды өзгерістердің бірі – түнгі уақытта тапсырыс беруге тыйым салынған. Бұл тамыр-таныстыққа беру деген сияқты күмәнді әрекеттерді тоқтатады.
Жаңа тәртіп 2025 жылдың 19 желтоқсанынан бастап ресми түрде қолданысқа енді.
Осыған дейін сатып алу тәртібіндегі тағы бір өзгеріс жайлы жазған едік. Енді Қазақстан аумағында өндірісі бар бизнес иелерін Отандық тауар өндірушілер реестріне енгізеді. Және сол кәсіпкерлер ғана сатып алуға қатыса алады.