Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің ERG акцияларын сатып алғаны рас па

ERG тобының баспасөз қызметі Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында бұл ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығармады. Тек компания өз акционерлері деңгейіндегі кез келген талқылауларға қатысты пікір білдірмейтінін атап өтті.
«Өйткені қандай мәселелер болмасын, мұндай талқылаулар әдетте жеке әрі құпия сипатта өтеді. ERG бизнесін дамытудың жаңа ұзақ мерзімді стратегиясын жүйелі түрде іске асырып жатыр. 2024 жылы қабылданған бұл стратегия қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға инвестиция құюды, қосылған құны жоғары өнім түрлерін өндіруді ұлғайтуды, жаңа өндіріс ошақтарын құруды, сондай-ақ бірізді әрі орнықты дамуды көздейді», – делінген жауапта.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдарында ERG компаниялар тобының 40% акциясын кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп сатып алғаны жайлы ақпарат шықты. Кәсіпкер марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлері мен Патох Шодиевтің отбасына тиесілі үлесті сатып алған-мыс. Келісім сомасы 1,4 млрд долларды құрауы ықтимал.
Бұған дейін Bloomberg басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып Шахмұрат Мүтәліп пен Нұрлан Артықбаев – «Қазақмыс» пен «Қазмырыштағы» шетелдік компаниялардың үлесін сатып алу үшін де келіссөз жүргізіп жатқанын жазған.
ERG акционерлік құрылымына келсек, компанияның 40%-ы Қазақстан Үкіметіне тиесілі. Қалған үлестің 20,7%-ы Ибрагимовтер отбасы, сондай көлемдегі акция марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлерінің иелігінде. Патох Шодиев 18,6%-ын иеленеді.
Шахмұрат Мүтәліп кім?
Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған. Кәсіпкер, «Integra Construction KZ» ЖШС-ның иесі. Үйленген, 3 баласы бар.
eGov мәліметтеріне сәйкес, оның компаниясы темір жол мен метро, сондай-ақ басқа да инженерлік құрылымдардың құрылысымен айналысады. 1997 жылы тіркеліп, 2022 жылы Шахмұрат Мүтәліповтің тұсында қайта тіркеуден өткен.
Құрылтайшылары – Мүтәліповтің өзі және Management&Construction Ltd жеке компаниясы. Компанияның веб-сайтында көрсетілгендей БАӘ, Грузия, Италия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Словакия және Ресейде филиалдары бар.
Forbes дерегі бойынша, «Integra Construction KZ» Қазақстанның ең ірі 75 жеке компаниясы тізімінде 12 орында тұр. Таза пайдасы 35 млрд теңгеден асқан.