Үкімет өңдеуші кәсіпорындарға арзанырақ энергия тарифін бекітуге келіспеді

Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарға электр энергиясының төмендетілген немесе орташа өлшенген тарифін енгізуді ұсынған депутаттар ұсынысын қолдамады.
Олжас Бектеновтің ресми сауалға берген жауабында 2024 жылы 1 сәуірден бастап тиімсіз жұмыс істейтін энергиямен жабдықтау ұйымдарын жою жөніндегі реформа жүргізілгені айтылған. Сөзінше, реформа аясында барлық реттелмейтін энергиямен жабдықтау ұйымдары жойылған.
Ал тұтынушылар кепілді жеткізушілерге берілген. Соның нәтижесінде 2024 жылы бөлшек сауда нарығында электр энергиясын тұтыну үлесі 50 пайыздан 57 пайызға дейін өскен. Бұл атаулы қолдау аясында сатып алынатын электр энергиясының көлемін ұлғайтқан.
«Өнеркәсіптік объектілер үшін стратегиялық тауар болып табылатын электр энергиясы тарифтерінің өсу тенденциясын ескере отырып, мемлекеттік қолдаудың бір түрі ретінде инвестициялық тариф беру тетігі енгізілді. Бұл тариф нақты экономиканың дамуына әсері бар жаңа кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында беріледі. Өз кезегінде энергиямен жабдықтау ұйымдарын атаулы қолдауды кезең-кезеңімен жою жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, басқа тұтынушылар, оның ішінде халық үшін қаржылық жүктеменің ұлғаюын ескере отырып, нарық субъектілерінің жекелеген топтары үшін электр энергиясының сараланған тарифін беру орынсыз деп пайымдаймыз», – дейді Бектенов жауабында.
Еске сала кетейік, бұған дейін бір топ депутат өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына электр энергиясының төмендетілген немесе орташа өлшенген тариф беру тәртібін бірізді ережелер арқылы бекітуді ұсынған еді.
Олар энергия тарифтерінің қымбаттауына байланысты машина жасау, химия, тамақ өнімдерін қайта өңдеу, шыны және цемент өндірісі салалары да қиындықтарға тап болып отырғанын хабарлаған.