Жетісу облысында миллондаған мемлекеттік субсидия негізсіз төленген

Жетісу облысының ревизиялық комиссиясы бірнеше шаруашылыққа мемлекеттік субсидия негізсіз төленгенін анықтаған. Комииссия облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 2022-2024 жылдары бөлінген бюджет қаражаты қалай игерілгенін тексерген. Тексеріс нәтижесінде аудиторлар бірнеше ірі шаруашылыққа субсидия негізсіз аударылғанын анықтап, 2025 жыл соңына дейін бюджет қаржысын қайтару туралы талап қояды.
«Алакөл Агроға» заңсыз бөлінген миллиондар
Аудиторлар Алакөл ауданында дәнді-бұршақ дақылын өсіру және ет өңдеумен айналысатын «Алакөл-Агро» компаниясына мемлекеттен субсидия ек ірет бөлінгенін жазады.
«Алакөл-Агро» ЖШС ауыл шаруашылығы жерлерінде суару жүйесін құру жобасын жүзеге асыруға мемлекеттік көмек алған. Жобаны «Aspan Energi KZ» ЖШС жүзеге асырып және «BNK Leasing» ЖШС қаржыландырылған. Мемлекеттік субсидия екі кезеңмен берілді: 2022 жылы – 245 млн теңге, 2023 жылы – 362 млн теңге.
Алайда аудит нәтижесі жобаның жоспарланғандай іске аспағанын көрсетті. Негізгі жабдықтар: электроқозғалтқыштар, кабельдер, трансформаторлар ұрланған және нысан 2024 жылы толық іске қосылмаған.
Қарап-тексеру актілері атүсті жасалып, нысанды бақылауға алу толық жүргізілмеген. Мониторинг функциялары сақталмаған, инвестордан қажетті ақпарат сұралмаған. Субсидия сомасы жобаның нақты құнына қарағанда шамадан артық төленген.
Аудит қорытындысы бойынша, ауыл шарушылық басқармасы тарапынан бақылау мен тексерудің әлсіздігі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы және субсидиялардың негізсіз төленуіне әкеп соққан.
Сондықтан аудиторлар жалпы сомасы 607 млн теңге субсидияны қазынаға қайтару керек деп талап етіп отыр.
E-gov дерегі бойынша, «Алакөл Агро» компаниясы 2001 жылы құрылып, соңғы рет 2023 жылы қайта тіркеуден өткен. Құрылтайшысы Баукен Алмас Қайратұлы деп көрсетілген. Ал 2022 жылдың наурызына дейін кәсіпкер Бауыржан Кеңесбекұлы Оспановқа тиесілі болған. Kompra дерегі бойынша, оған дейінгі құрылтайшыларының қатарында Кеңесбеков Нұркелді Нұрланұлы мен Уансынов Қанат Болатқанұлы бар.
Яғни субсидия бөлінген 2022 жылы шаруашылық иесі Бауыржан Оспанов болған.
Forbes.kz рейтингі бойынша, 2024 жылы Бауыржан Оспанов 86 млн доллар байлығымен ең дәулетті бизнесмендер тізімінде 66-орында тұрды.
Сонымен қатар аудиторлар «Қызылшоқы» ЖШС-не төленген 1,4 млм теңге субсидия бюджетке қайтарылуы тиіс деп тұжырымдайды.
Бұған дейін Жоғары аудиторлықпалата мемлекеттің бизнесті қолдауға бөлген жүздеген миллиард қаржысы ысырап болғанын анықтаған.