Жаңа министрден ескі мәселелерге дейін: 2025 жылы білім жүйесінде не өзгерді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жыл соңы таяғанда ел ішінде экономиканың жай-күйі, әлеуметтік саясаттың бағыты, инвестициялық ахуал мен мемлекеттік реформалардың нәтижесі кеңінен талданып, БАҚ өкілдерінің қорытынды мақалаларына арқау болып жатыр. Мұндайда назардан тыс қалмауы тиіс бағыттың бірі – білім саласы. Биыл бұл салада тек реформалар мен бастамалар ғана емес, қоғамда қызу пікірталас тудырған даулар мен өткір мәселелер де аз болған жоқ. Kursiv.Media бұл мақалада 2025 жылы білім беру жүйесінде болған басты жаңалықтарды, резонанс тудырған шешімдер мен қоғам назарындағы талқыларды жүйелеп, оқырман назарына ұсынады.

Министр ауысқан жыл

Сөзсіз, білім саласы үшін 2025 жылдың басты жаңалықтарының бірі – Оқу-ағарту министрінің ауысуы болды. 2023 жылдың қаңтарында қазіргі депутат Асхат Аймағамбетовтың орнына министр болып келген Ғани Бейсембаев екі  жылдан кейін орнын босатты.

Ғани Бейсембаев / Фото: primeminister.kz

Білім саласына жақын сарапшылар мен ұстаздар қауымы Ғани Бейсембаевты министр кезінде жиі әрі өткір сынады. Қысқасы, экс-министр, қазіргі депутат Асхат Аймағамбетовтей мақтамады. Ғани Бейсембаевтың жұмысын сынаған депутаттың бірі Жұлдыз Сүлейменова болатын. Билік дәл осы депутатты Бейсембаевтың орнына лайықты деп таныды.

Бұрынғы депутат – бүгінгі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2000–2004 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) Тарих факультетінде «Тарих» мамандығы бойынша білім алған. Кейін 2006–2008 жылдары осы университеттің Философия және саясаттану факультетінде «Мәдениеттану» мамандығы бойынша докторантураны бітірген. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде, Назарбаев зияткерлік мектептерінде еңбек еткен. НЗМ директоры қызметін де атқарған.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова / Фото: gov.kz

Пәндер біріктірілмейді!

Былтырдан бері мектептерде пәндерді біріктіріп оқыту мәселесі жиі айтылған. Мәселен, «Алгебра» мен «Геометрияны» біріктіру, «Химия», «Биология», «Физиканы» «Жаратылыстану» пәніне біріктіріп оқыту тәжірибесін енгізу ұсынылған болатын.

«Көтерілген мәселе пилоттық жоба ретінде енгізіліп жатыр.  Сарапшылардың ұсынысы бойынша әсіресе, алгебра мен геометрияға қатысты әріптестерден көптеген сұрақтар туындаған болатын.  Бұл жаппай ауқымды енгізу дегенді білдірмейді. Әлемдік үрдісте де бар. Пәнаралық байланыс, пәндерді кіріктіріп оқыту мәселесі бұрыннан бар», – деп түсіндірген болатын бұрынғы министр Ғани Бейсембаев.

Фото: kursiv.media мұрағаты

Бейсембаев пилоттық жоба сәтті болып, нәтижесін берсе, ары қарай жалғасатынын, ал жоба сәтсіз болса, бұрынғы тәжірибе қала беретінін айтқан еді. Алайда Бейсембаев қызметінен алынған соң бұл «реформа» бірден тоқтатылды. Нақтырақ айтқанда, Жұлдыз Сүлейменова пәндерді біріктіріп оқыту жөніндегі бастама тоқтатылатынын мәлімдеді.

«Жаратылыстану пәндерін қосып оқытуға байланысты, яғни, химия, физика, биология пәндерін бір пәнге біріктіру туралы қызу талқы жүріп жатыр. Енді бұл пәндер кіріктірілмейтін болды. Физика физика ретінде, химия химия ретінде, биология биология ретінде бөлек оқытылады. Әрқайсысы жеке пән ретінде өз мәртебесін сақтап, пәндерді біріктіру реформасы бүгіннен бастап тоқтатылатын болады»,  –  деді Сүлейменова.

Жасанды интеллект және білім: ұлттық модель бекітілді

Биыл Оқу-ағарту министрі болған Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025-2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Осылайша, алғаш рет білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітіліп, оған этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелері енгізілді.

Фото: kursiv.media мұрағаты

Бұл тұжырымдама мектептерді ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын да қамтиды. Ол жасанды интеллектке арналған арнайы тақырыптарды оқу процесіне енгізуді, заманауи цифрлық оқулықтар шығаруды, оқушылардың ЖИ бойынша сауаттылығын қалыптастыруды және олардың жобалық қабілеттерін дамытуға жағдай жасауды көздейді.

2025-2026 оқу жылынан бастап «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізілген. Оқушылар үшін Day of AI әдістемелік кешені әзірленіп, педагогтер үшін арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылды.

Оқу-ағарту министрі ауысқан соң ведоствоның жанынан білім беру саласына жасанды интеллектті енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Бұл топ жасанды интеллектті оқу үдерісіне кезең-кезеңмен енгізу үшін этикалық стандарттарды бекіту, нормативтік базаны жетілдіру, инновациялық шешімдер арқылы білім сапасын арттыру, AI жүйелеріне қойылатын техникалық талаптарды әзірлеуді көздеп отыр.

Сынып жетекшілердің үстемеақысы биыл да өспейді

Оқу-ағарту министрі болған Ғани Бейсембаев 2024 жылы бірнеше рет мектептегі сынып жетекшілерінің айлығына қосылатын үстемеақы үш есе көбейетінін айтқан еді. Бұл бастаманы тіпті, «Президенттің өзі қолдап отырғанын» мәлімдеген. Бірақ былтырғы сүйіншінің игілігін мұғалімдер биыл көре қоймады.

Ұлттық банк кәсіпкерлердің банктік шоттарынан қолма-қол ақша алуы бойынша жаңа ережелер әзірлеп жатыр / фото: KursivMedia мұрағаты
Фото: kursiv.media мұрағаты

Ғани Бейсембаев жалпы сынып жетекшілерінің айлығына үстемеақы қосу мәселесін былтыр жыл басында қаузағаны бар. 2024 жылдың ақпанында сынып жетекшілеріне берілетін қосымша ақыны «үш есе өсіруіміз қажет, бүгінгі күні ол 8 мың теңге болса, 30 мыңға дейін жеткізуіміз керек. Бұл үлкен көмек болады» деген-тін. Бірақ Бейсембаевтың бұл бастамасы Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппаса керек.

Kursiv.Media тілшісі биыл қазанда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан сынып жетекшілердің үстемеақысына қатысты сұрақ қойған. Министр бәрі қаржыға тіреліп тұрғанын айтты.

«Сынып жетекшілердің мәселесі бұған дейін қарастырылған екен. Қазір бұл сұрақ қаржылық мүмкіндіктерге байланысты. Сынып жетекшілерден бөлек еден жуушылар, техникалық қызметкерлер бар. Сондықтан бұл мәселенің барлығын қаржының мүмкіндігіне байланысты қарастыратын боламыз. Бірақ бұл менің күн тәртібімде тұр», – деді Сүлейменова.

Жекеменшік мектептер дауы

Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған күні Астанаға жеке меншік мектептердің басшылары жиналып, бәрі де қаржыландыру мәселесін шешуді талап еткен болатын. Жиыны 30-40 адам бұған дейін Қаржы орталығы арқылы әр оқушыға айына 60-100 мың теңге аралығында ақша бөлініп тұрғанын мәлімдеген. Алайда шешімін таппаған қаржыландыру мәселесі биыл оларды тіптен тұралатқан.

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жекеменшік мектептердің басшылары журналистермен Министрліктер үйінде тілдесіп, Оқу-ағарту министрлігінің ғимаратына кіріп-шығып, жанайқайын жеткізді. Артынша Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова аталған бағытта бюджет осыдан екі-үш жыл бұрын бөлініп қойғанын түсіндірген еді. Ол енді жетпеген ақшаны жергілікті атқарушы органдар бөлетінін айтты.

«Мәслихаттардың отырысы қазан-қараша айларында өтеді. Біз қазір олардың бәрімен байланыстамыз. Мәслихат сессиясында қарастырылғаннан кейін ары қарай бұл мәселе шешіледі. Сонымен қатар, республикалық бюджеттік комиссияға да қосымша қаражатты сұрау жөнінде ұсыныс беретін боламыз», – деді вице-министр.

Жекеменшік мектептердің мәселесі ақыры осылайша, әкімдіктерге жүктелді. Биыл облыс басшылары кезек-кезек баспасөз мәслихатын өткізген кезде әкімдер кейбір жекеменшік мектептерге шынында да облыс бюджетінен қаржылай қолдау болғанын айтты. Бәріне көмек берілмегені де айқын. Демек, мәселе басы ашық күйінде қалып отыр.

Жыр болған «Мақсатты мектеп» жобасы тоқтатылды

Әлеуметтік желілерде ұстаздар қауымы 2023 жылы басталған «Мақсатты мектеп» жобасына қатысты түрлі пікір білдіріп, наразылық танытқан еді. Сол кезде қазіргі министр Сүлейменова депутат ретінде педагогтердің үнін қолдап, жобаны тоқтату туралы ұсыныс айтқан. Ал Оқу-ағарту министрі қызметіне кіріскеннен кейін республикалық кеңесте ол «Мақсатты мектеп» жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді.

Мектепте ұялы телефонға тыйым

Қазақстан мектептерінде биыл жаңа тәртіп күшіне енді. Енді оқушы сабақ кезінде смартфон ұстаса, ата-анасы жауап береді. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекованың айтуынша, оқушыларға оқу процесінде ұялы телефон қолдануға тыйым салынған, ал осы талаптың орындалуына ата-аналар жауапты.

Коллаж: kursiv.media мұрағаты

«Егер бала сабақта смартфонмен ұсталып қалса, алдымен ата-анасына ескерту жасалады. Ал бұл жағдай қайталанса, олар 5 АЕК көлемінде – 19 660 теңге айыппұл төлейді. Заң қазірдің өзінде күшінде, бірақ әзірге ешқандай бұзушылық тіркелген жоқ», – деді Мелдебекова.

Мелдебекованың сөзінше, мектептер енді оқушылардың ережені бұзу фактілерін тіркеп, уәкілетті органдарға хабарлай алады.

Жалпы мектептерде ұялы телефон ұстауды тыйым салу мәселесі биыл көп талқыланды. Әуелі Назарбаев зияткерлік мектептері басшылығы мектептерде смартфон қолдануға шектеу қою туралы батыл шешім қабылдаған. Мұны депутат Асхат Аймағамбетов үлгі етіп, дамыған елдердің жетекші мектептерінде смартфонға тыйым әлдеқашан енгізілгенін мәлім еткен еді.

Енді мұғалім құқығы көбірек қорғалады

Осы жылдың мамыр айында Қаскелеңдегі мектеп бітіру кешінде түлектердің бірі сыныптасының жүрегіне шампур тығып өлтірген оқиғасы жұртты дүр сілкіндірген еді.

Осы оқиғадан кейін сол мектептің директоры бірден қызметінен кетті. Десе де, бұл қылмыс білім саласындағы бір өзгеріске себеп болғанын атап өту керек. Бұрын мұндай резонансты оқиғалар кезінде мектеп басшылығы қызметінен кетіп тынатын. Бірақ бұл жолы іске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үн қосты. Ол мектептен тыс жердегі жайттарға ұстаздар жауапты емес екенін айтып, «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды.

Фото: Ақорда

«Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек», – деді президент. 

Президент сөзінен кейін іле-шала Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің құқықтарын бұзғандарға қандай жаза қолданылатынын және қанша айыппұл салынатынын мәлімдеді.

«Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін мемлекеттік емес ұйымдар өткізетін іс-шараларға қатысуға тартуға тыйым салынады. Заңнамада ескерту жасаудан бастап ірі айыппұлдарға дейінгі түрлі санкциялар көзделген. Айыппұл мөлшері 200 АЕК-ке дейін жетеді (786 400 теңге)», – деді Оқу-ағарту министрлігінің заң басқармасының директоры Гүлден Ақытаева.

Ал ата-ана немесе оқушы тарапынан мұғалімге тіл тигізу мен қорлау әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастырылады. Бұл үшін 40 АЕК-ке дейін (157 мың теңге) айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы бар.

 Жаңа министрдің жаңалығы

Қазақстанда оқушылар отыратын мектеп кабинеттеріне бейнекамера орнату – міндетті талап емес. Десе де қаладағы кейбір мектептердің әкімшіліктері бейнекамераны кабинеттерге орнатып қойған. «Бұл қаншалықты заңды және ол мұғалімнің құқығын бұзбай ма?» Осы сұрақты Kursiv.Media тілшісі жауапты министрлікке қойған еді.

Артынша Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өз сұхбатында мектептерге бақылау камераларын орнату мәселесі жайлы пікір білдіріп, нүкте қойды.

Министрдің сөзінше, енді сыныптарға бақылау камераларын орнатуға болмайды, балалар көп шоғырланатын орындарға ғана рұқсат етіледі.

«Сыныптарға камера орнату мәселесіне келсек, білім беру ортасы білім мен тәрбиенің, сенім мен ашық пікір алмасудың кеңістігі болуға тиіс. Сапалы білім және тәрбие сенімділік атмосферасында ғана мүмкін. Мектепте мұғалім де, оқушы да өздерін қауіпсіз және еркін сезінуі өзекті. Қауіпсіздік үшін камералар мектептің кіреберісінде, дәліздерде, ортақ аумақтарда болуы қажет. Оқу сыныптарының ішінде бақылау камералары болмауға тиіс деп санаймын», – деді министр Сүлейменова.

Бұған дейін Kursiv.Media тілшісі мектепте мұғалімдер арасындағы «сағат бөлу» мәселесі жайлы да жазған еді. Аталмыш проблемаға терең үңіліп, сарапшылардың не ойлайтынын да сұрап көрген.

Қорыта айтқанда, білім саласындағы басты жаңалықтарды, даулар мен өткір мәселелерді бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен ең көп назарға алынғандарын ұсынуға тырыстық.

Сондай-ақ оқыңыз