NU-да ғалымдары Тау-кен ісі мектебінің жабылатынына алаңдайды

Жарияланды
Назарбаев университеті
фото: nu.edu.kz

Соңғы айларда Қазақстанның академиялық ортасы мен индустрия алпауыттары арасында үлкен алаңдаушылық тудырған мәселе күн тәртібіне шықты. Назарбаев Университеті (NU) басшылығы Тау-кен ісі және геоғылымдар мектебін (SMG) дербес құрылым ретінде жойып, оны Инженерлік факультетпен біріктіруді жоспарлап отыр. Ресми түрде бұл қадам «оңтайландыру» деп аталғанымен, сала мамандары мұны ұлттық мүддеге жасалған қауіп ретінде бағалайды

Салаға қауіп төндіріп тұр

Қазақстан экономикасының негізі – тау-кен және мұнай-газ секторы. Бұл сала ел экспортының басым бөлігін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттің өнеркәсіптік бейнесін айқындайды. Осындай жағдайда жоғары технологиялы барлау, жер қойнауын цифрлық модельдеу және күрделі геологиялық тәуекелдерді басқара алатын мамандар даярлау – стратегиялық міндет.

SMG мамандары мектеп соңғы жылдары дәл осы бағыттағы бірегей академиялық алаңға айналғанын айтады. Мұнда халықаралық стандарттарға сай келетін, әлемдік деңгейдегі зертханаларда тәжірибе жинақтаған инженерлер даярлануда. Сарапшылардың пікірінше, мектептің дербестігін жою – осы уақытқа дейін жинақталған құзыреттің шашырап кетуіне және салалық фокустың жоғалуына әкеп соғады.

Геология – тар бейінді ғылым

«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев қазіргі кезде кен орындарын игеру күрделеніп, назар қиын алынатын ресурстарға ауысқан шақта, дербес академиялық ортаның маңызы арта түсетінін атап өтті.

«Геоғылымдар ұзақ мерзімді білім мен тәжірибеге сүйенетін сала. Мұнда зерттеу дәстүрінің жалғастығы, өзіндік әдіснама және сараптамалық шоғырлану шешуші рөл атқарады. Мектепті кең инженерлік құрылымға біріктіру зерттеулердің тереңдігін төмендетіп, негізгі бағыттардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін», – дейді Ерлан Ғалиев.

Ол сондай-ақ, саладағы кадр тапшылығы тек сандық емес, сапалық сипатта екенін атап өтті. Профильдік мамандану әлсіреген жағдайда, күрделі геологиялық жүйелерді түсінетін мамандарды даярлау мүмкін емес.

Халықаралық бедел мен ABET аккредитациясы

Тау-кен ісі және геоғылымдар мектебінің өкілдері Қазақстанның техникалық білім беру саласындағы беделіне нұқсан келуі мүмкін тағы бір тұс бар екенін жеткізді. Ол – халықаралық мойындалу. SMG-нің Мұнай инженериясы бағдарламасы 2025 жылы әлемдік стандарт саналатын ABET аккредитациясынан сәтті өткен. Ресми мәртебе 2026 жылы беріледі деген жоспар бар.

Алайда университет ішіндегі терең құрылымдық өзгерістер осы жетістікті қауіпке тігуі мүмкін. Халықаралық аккредитация комитеттері бағдарламаның тұрақтылығы мен академиялық ортаның сабақтастығына баса назар аударады. Мектептің жойылуы процесті тежеп, дипломдардың жаһандық деңгейдегі құнын түсіруі ықтимал.

Индустрия алпауыттары не дейді

SMG өкілдерінің TCO (Теңізшевройл) және NCOC компанияларына жасаған сапарлары кезінде мәселеге ірі инвесторлар да алаңдаушылығын білдірген. Өндіріс өкілдерінің айтуынша, тау-кен саласына жалпылама инженерлер емес, терең геологиялық дайындығы бар мамандар қажет.

Бұл жағдайды медицинамен салыстыруға болады: жалпы практикадағы дәрігер ешқашан тар бейінді хирургтің жұмысын алмастыра алмайды. Дәл сол сияқты, жалпы инженерлік факультет жер қойнауының қыр-сырын меңгерген геолог-ғалымдарды алмастыруға қауқарсыз.

Цифрландыру және «жасанды интеллект» дилеммасы

Назарбаев Университетінің жаңа стратегиясы компьютерлік ғылымдар мен жасанды интеллектке (AI) басымдық береді. SMG өкілдері мұны құптарлық қадам деп бағалағанымен, геоғылымдарды шеттету қисынсыз екеніне назар аударды. Себебі заманауи геология – бұл ең алдымен Big Data, аэрогеофизика және жер қойнауын цифрлық модельдеу.

«SMG-нің жойылуы Қазақстанды осы екі бағыттың (геология және IT) синергиясынан айырады. Нәтижесінде, біз өз жеріміздің байлығын зерттеу үшін тағы да шетелдік технологиялар мен сыртқы мамандарға тәуелді боламыз. Бұл ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық егемендік мәселесіне тікелей қатысты», – дейді SMG өкілдері
«Қоғамдық диалог уақыты келді»

Ерлан Ғалиевтың пікірінше, SMG өрлеу кезеңінде тұрған сәтте жасалатын әкімшілік реформа ғылыми дамудың логикасын бұзбауға тиіс.

«Құрылымдық оңтайландыру ғылыми дамудың логикасын алмастырмауы тиіс. Қазақстан үшін SMG-ні дербес академиялық бірлік ретінде сақтау – бұл жай ғана университеттік шешім емес, бұл стратегиялық ресурсқа ие елдің өз болашағына салған инвестициясы. Қоғамдық диалог уақыты келді. Мемлекет, индустрия және академиялық орта бірлесе отырып, елдің ертеңін айқындайтын бұл мектепті қорғап қалуға тиіс», – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз