Түркістан облысында 6 жасар қызды зорлаған оқушы сотталды

Жарияланды

Түркістанда сот 6 жасар қызды зорлады деген айыппен 8-сынып оқушысын 10 жылға соттады. Ол кінәсін ішінара мойындаған. Сотталушының ата-анасынан жәбірленуші тарапқа 8 миллион теңге моралдық зиян өндіру міндеттелді.

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 6 жасар қызды зорлады деген күдікке ілінген оқушыны қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабымен кінәлі деп таныды.

«Сот үкімімен кәмелет жасқа толмаған сотталушыға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Оған жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді» делінген облыстық соттың хабарламасында.

Сот дерегінше, оқиға 7 шілде күні кешқұрым болған. Жәбірленушіні көшеде кездестірген оқушы оны әңгімеге тартып, көпір астына алып барған. Артынан қарсылық көрсеткеніне қарамай күштеп, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, зорлаған.

Сотта прокурор сотталушыға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды, ал сотталушы тағылған айыпты ішінара мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Жәбірленушінің заңды өкілі сотталушыға қатаң жаза тағайындап, одан 20 млн теңге моральдық зиянды өндіруді талап еткен.

Десе де, жәбірленуші тарапқа моральдық зиян ретінде 8 миллион теңге өндірілетін болды. Сот айыпталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлердің жауаптарымен, сот сараптама қорытындыларымен және істің басқада құжаттарымен толық дәлелденді деп есептейді. Жаза тағайындау кезінде сотталушының кәмелет жасқа толмағаны ескерілген.

Бұған дейін, Батыс Қазақстанда кішкентай қызды зорлаған күдікті өмірлік түрме жазасына кесілген.

Сондай-ақ оқыңыз