2026 жылы мұнай, энергетика және тау-кен компанияларын салық тексерісі күтіп тұр

Қаржы министрлігі салық тесерісі жүргізілетін компаниялар тізімін бекітті. Министр Мәди Такиев қол қойған бұйрыққа сәйкес, 2026–2027 жылдарға арналған бұл тізімге барлығы 524 заңды тұлға енгізілген.
Аталған компаниялар – Қазақстан аумағында жұмыс істейтін, ең жоғары жиынтық табыс көрсететін және бюджетке қомақты салық түсімін қамтамасыз ететін ірі бизнес өкілдері. Тізімде негізінен мұнай-газ, тау-кен, энергетика және көлік салаларында қызмет ететін кәсіпорындар басым.
Тізімнің алғашқы қатарында Қарашығанақ кен орнын игеріп отырған консорциум тұр. Оған Karachaganak Petroleum Operating B.V., BG Karachaganak Limited, Agip Karachaganak B.V., Chevron, ExxonMobil, Lukoil және Oman Oil Company компанияларының филиалдары мен өкілдіктері кірген. Сонымен қатар Қашаған жобасын жүзеге асырып отырған North Caspian Operating Company (NCOC) де тексеріледі.
Мұнай өндіру және өңдеу саласындағы басқа да ірі компаниялар, атап айтқанда «Өзенмұнайгаз», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Каспий нефть», «Теңізшевройл», сондай-ақ Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары мен ұлттық компаниялар – «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz тізімге енген.
Мұнай-газ секторынан кейінгі негізгі топты өнеркәсіп және тау-кен кәсіпорындары құрайды. Олардың қатарында «Казцинк», «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазхром», Qarmet, KAZ Minerals Bozshakol, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Богатырь-Көмір» және «Шұбаркөл көмір» бар.
Сондай-ақ уран өндіру саласындағы ұлттық оператор – «Қазатомөнеркәсіп» және оның шетелдік серіктестермен бірлескен кәсіпорындары, соның ішінде KATCO, «Заречное» және SaUran компанияларын да салықшылар тексереді.
Көлік және логистика саласынан «Қазақстан темір жолы», «ҚазАвтоЖол», Алматы мен Астана халықаралық әуежайлары, «Павлодар өзен порты» және «Эйр Астана» компаниясы бар. Бұған қоса, барлық ірі банктер, сақтандыру ұйымдары, шағын қаржы ұйымдары мен автодилер орталықтар да тізімге енген.
Тізім тек ауыр өнеркәсіппен шектелмейді. Онда темекі өнімдерін шығаратын Philip Morris Kazakhstan және British American Tobacco, сусын өндірушілер – Coca-Cola Almaty Bottlers, Efes Kazakhstan, Carlsberg Kazakhstan, сондай-ақ «Баян Сұлу» фабрикасы, ірі супермаркет желілері, Adidas Kazakhstan және косметика сататын MonAmie.kz интернет-дүкені де бар.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осы кезеңнен бастап аталған компаниялар ірі салық төлеушілер ретінде тұрақты салықтық мониторинг аясында бақыланатын болады.
Қазақстанда 2026 жылдан бастап салық жүктемесін есептеу тәртібі өзгереді.