Президент Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын берді

Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толған еді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаһарман әрі аңызға айналған алып тұлға Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
«Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал. Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды.
«Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет», – деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай Қорғаныс министрлігі арнайы челлендж жариялаған еді.