Ыстанбұлда Жаңа жыл қарсаңында теракт жоспарлаған 115 күдікті ұсталды

Жаңа жыл қарсаңында теракт ұйымдастырмақ болды деген күдікпен Ыстанбұлда 115 адам ұсталды. Құқық қорғау органдары ауқымды арнайы операция жүргізген.
Euronews мәліметінше, тергеу аясында 137 адамға қамауға алу туралы ордер беріліп, қала бойынша 124 мекенжайда тінту жүргізілді. Күдіктілерден тапаншалар, оқ-дәрілер және көптеген құжаттар тәркіленді.
Тергеудің мәліметінше, күдіктілер Сириядағы қақтығыс аймақтарында орналасқан ИГИЛ лаңкестік ұйымының мүшелері мен олардың отбасыларына қаржылай көмек көрсету жолдары арқылы анықталған.
Түркия Бас прокуратурасының мәлімдемесінде күдіктілер алда келе жатқан Рождество мен Жаңа жыл қарсаңында мұсылман еместерге қарсы әрекет жасауға үгіттегені айтылған. Ұсталғандардың кейбірі қақтығыс аймақтарынан келген, ал бірқатарына терроризм бойынша ұлттық және халықаралық деңгейде қамауға алу туралы ордер берілген.
Қашып жүрген өзге күдіктілерді ұстау жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланды.
Еске салайық, жуырда Алматы қаласында №10 мектепте оқитын үш оқушы білім мекемесіне жарылғыш зат орнатылғаны туралы жалған мәлімет таратқан. Олар сол арқылы сабақты үзгісі келген. Қалалық полиция теракт туралы мәлімет жалған екенін анықтады. Үш оқушының әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.