Түлкібаста 100 пайыз таза шырын, пюре шығаратын зауыт ашылды

Түркістан облысы Түлкібас ауданында алма мен өзге де жеміс-жидекті өңдеп, одан 100 пайыз табиғи шырын, жеміс пюресі және алма ұнтағын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, кәсіпорын жылына 5 мың тонна алманы терең өңдейді.
«Өндірістің іске қосылуы отандық өнім көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар экономиканы көтеріп, импортқа тәуелділікті төмендетеді. Осы бағыттағы жұмысты барлық аудандарда күшейтуіміз керек», – дейді әкім.
«Түлкібас жеміс-жидектері» кооперативі Қытайдың соңғы үлгідегі заманауи құрылғыларымен жабдықталған. Толық автоматтандырылған нысанда 15 адам жұмыс істейді.
Қазіргі мұнда тәулігіне 30 тонна алма өңделіп, одан шыққан өнім «Ayim» брендімен саудаға жөнелтіліп жатыр.
Кооператив төрағасы Бейбіт Төлешовтің айтуынша, қажетті шикізатты да өздері өндіреді. Атап айтқанда, 300 гектар алма бауынан алынған өнімнің бір бөлігі осы өндіріс орнына жөнелтілсе, қалған бөлігі кооперативке қарасты 2 мың тонналық жеміс сақтайтын қоймада сақталып, қыс мезгілінде саудаланады.
Зауыт алдағы уақытта алма өсірумен айналысатын бағбандардан сақтауға жарамсыз алмаларды қабылдап, өңдеуді жоспарлап отыр.