Қырғыз президенті сайлауға келмегендерге айыппұл салуды ұсынды

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі президент және парламент сайлауларына келіп дауыс бермейтін азаматтарды жазалауға шақырды. Бұл туралы ол елде өткен Ұлттық құрылтайда айтты.
Жапаровтың сөзінше, жақында өткен парламент сайлауындағы белсенділіктің жоғары болуын қамтамасыз ету үшін билік барлық жағдайды жасаған. Алайда келушілер саны небәрі 36,9% құраған.
«Бұл көрсеткіш 70% жетеді деп үміттендім. Біз өзіміз байжей қараймыз, бірақ депутаттарды сынағанды ұнатамыз, оларды әртүрлі жағымсыз сөздермен атаймыз», — деді Жапаров.
Ол парламент депутаттары әрбір қырғызстандықты дауыс беруге міндеттейтін заң қабылдауға шақырды.
«Құрметті депутаттар, сіздер де залда отырсыздар. Барлық делегаттар қолдайды. Барлығын белсенділікке шақыратын заң әзірлеу керек, мүмкін қандай да бір жауапкершілік, айыппұл саламыз. Немесе Сингапурдағыдай бір сайлауға келмегендерді келесі сайлауда дауыс беру құқығынан айырамыз», – деді Жапаров.
Айта кетейік, осыған дейін Жапаров Қырғызстанда балалар мен әйелдерге қатысты аса ауыр қылмыс жасағандар үшін өлім жазасын қайтару туралы бастама көтерген болатын. Алайда оның бұл ұсынысын елдің Конституциялық соты қабылдамаған.