Ресей Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты қылмыстық істі тоқтатып тастаған

Ресей AZAL ұшағы апатына қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтатқан. Бұл туралы Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов мәлідеді, деп хабарлайды Minval.az сайты.
Әзербайжан министрінің айтуынша, Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкиннен ресми хат келген.
Хатта Ресейдің тиісті органдары ұсынған «егжей-тегжей әрі салмақты ұстаным» баяндалған. Алайда құжаттағы кейбір байламдар Әзербайжан тарапы үшін түсініксіз болып тұр. Осы себепті Баку қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты қосымша түсіндірме күтетінін жеткізді.
25 желтоқсанда Қазақстанның Көлік министрлігі AZAL ұшағының апатына қатысты алдын ала тергеу есебін жариялады. Қорытындыға сәйкес, ұшақ қалдықтарынан жарылғыш заттардың ізі табылмаған. Дегенмен фюзеляж оқ-дәрі бөлігінен зақымдалуы мүмкін.
25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясына тиесілі жолаушы ұшағының Ақтау қаласына жақын маңға құлағанына бір жыл толды. Былтыр 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы Ақтау қаласынан шамамен 3 шақырым жерде апатқа ұшыраған болатын.
Алдын ала дерекке сәйкес, бортында 67 адам болған әуе кемесі Грозный әуежайына қонуға жақындаған сәтте Ресейдің «Панцирь-С» зымыран кешенінен атылған оққа ілінген. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, тағы 29 жолаушы түрлі дәрежеде жарақат алды.