Ер-азаматтардағы артық салмақ: жасырын індет

Жарияланды
Фото: ЖИ-мен жасалған, бильд-редактор Юлия Петрова

Әлемдік үрдіс

Соңғы онжылдықтарда әлем түбегейлі өзгерді. 1990-жылдардың басында ересектер арасында дене салмағының жетіспеушілігі семіздікке қарағанда жиірек кездесетін. Қазір жағдай керісінше: 145 елде ересек ер адамдар арасында семіздік салмақ жетіспеушілігіне қарағанда жиі байқалады.

Қазақстандағы жағдай да алаңдатарлық. Ерлердің жартысынан көбінде артық салмақ бар, ал әрбір бесінші ер адам семіздікке шалдыққан. Ірі қалаларда әрбір төртінші ер адам семіз болса, ауылдық жерлерде бұл шамамен әрбір бесінші немесе алтыншы адамға келеді.

«Бәрі дұрыс» деген алдамшы сенім

Көз үйренген көрініс

Ерлер мен әйелдердің бірқатарында қарынның шығуы қалыпты көрініске айналғанда, ол біртіндеп норма ретінде қабылданады. Көз үйренеді. Ал ер адамдар өздерінің толықтығына аса мән бермейді. Зерттеулерге сәйкес, артық салмағы бар ерлердің шамамен жартысы салмағым қалыпты дегенге шын сенеді. Соның салдарынан адам жылдар бойы артық салмақпен өмір сүріп, өзіне де, өзгеге де: «бәрі дұрыс, жас ұлғайған сайын салмақ қосылады ғой» деп айта береді. Мұндай өзін-өзі алдау ақырында зиянын тигізеді.

Белгісіз өтетін дерт

Жалпы, артық салмағы бар ер адам өзін ұзақ уақыт бойы сау сезінуі мүмкін. Мәселе мынада: ерлердегі артық салмақ «үнсіз» аурулармен тығыз байланысты. Олар — қан қысымы, қант диабеті, бауырды май басу. Бұл дерттердің басым бөлігі жылдар бойы белгі бермеуі мүмкін. Қан қысымы «аздап жоғары, дегенмен төзуге болады». Артериялық гипертонияны бекерден-бекер «үнсіз өлтіруші» демейді: ол көбіне ешқандай айқын симптомсыз өтеді. Екінші типті қант диабетінің белгілері де ұзақ уақыт байқалмауы ықтимал. Мысалы, АҚШ-та ересектердің шамамен әрбір үшіншісінде предиабет бар, ал он адамның сегізі бұл туралы білмейді. Осындай жағдай жүрек-қан тамыр ауруларында да кездеседі: талдаулар әзірге қалыпты көрінгенімен, семіздіктің өзі қауіп-қатерді арттырады.

Артық салмақ ер адамның ағзасына қалай әсер етеді?

Қазіргі медицина семіздікті бүкіл ағзаның жұмысына әсер ететін созылмалы ауру ретінде қарастырады. Ерлер физиологиясының ерекшеліктері артық салмақтың денсаулыққа әсер ету сипатын өзгеше етеді.

Май — жай қор емес

Май тіні эндокриндік ағза ретінде танылған. Май тәбет, зат алмасу және иммундық жүйені реттейтін гормондар мен биологиялық белсенді зат бөледі. Іш тұсындағы май неғұрлым көп болса, ол ми, бауыр және қан тамырларының жұмысына соғұрлым белсенді араласады. Артық салмақ кезінде тепе-теңдік бұзылып, қорғаныс орнына созылмалы қабыну, қан қысымының жоғарылауы және диабет қаупі пайда болады.

Іш майдың қаупі

Ер адамдарда май әсіресе ішкі ағзалар айналасына, қарында жиналады. Бұл — іш май. Ол созылмалы қабыну, зат алмасудың бұзылуы және жүрек-қан тамыр жүйесінің тез қартаюымен байланысты. Ең қолайсыз тұсы — іш май қалыпты салмақтың тасасында «жасырынуы» мүмкін. Ер адамда дене салмағының индексі бойынша айқын семіздік болмауы ықтимал, бірақ бел шеңбері кең, қарыны үлкен болады. Зерттеулер көрсеткендей, бел шеңбері кеңейген сайын инфаркт пен инсульт қаупі артады.

Май мен еркектік гормон арасындағы байланыс

Семіздігі бар ерлердің шамамен 40%-ында тестостерон деңгейі айтарлықтай төмен болады. Бұл байланыс екі бағытта жұмыс істейді. Іш май май жинауға жауап беретін ферменттің белсенділігін арттырып, тестостеронның эстрадиолға айналуын күшейтеді. Соның нәтижесінде тестостерон деңгейі төмендейді. Ал тестостерон азайған сайын майдың жиналуы жеңілдей түседі. Осылайша тұйық шеңбер қалыптасады: іш май көбейген сайын тестостерон азаяды, ал гормон азайған сайын қарын шыға береді. Нәтижесінде бірқатар мәселелер туындайды. Мәселен, семіздік кезінде эрекцияның төмендеуі қалыпты салмаққа қарағанда әлдеқайда жиі кездеседі. Сонымен қатар сперматозоидтардың саны мен қозғалысы төмендеп, бала сүю қабілеті әлсірейді.

Үміт бар: салмақ азайса, гормон да қалпына келеді

Тестостерон жайлы көрініс көңіл құлазытардай көрінгенімен, оның оң мәні да бар. Семіздігі бар көптеген ер адамдарда тестостеронның төмендеуі — артық май мен соған байланысты ауруларға ағзаның жауабы. Калорияны шектеу және тамақтануды өзгерту арқылы салмақ тастау тестостерон деңгейін және жыныстық функцияны жақсартады. Семіздігі бар және тестостероны орташа төмендеген ерлердің басым бөлігінде ең алдымен семіздікті емдеу, ұйқыны, қан қысымын және қант деңгейін қалыпқа келтіру қажет, тек содан кейін ғана гормон терапиясын қарастырған жөн.

Ер адамдар неге жыл өткен сайын семіріп барады?

Неліктен әр онжылдық сайын ер адамдар толып барады? Жауап қарапайым: тұтынатын колория жағылатын колориядан артық. Алайда мұның артында өмір салтының көптеген өзгерісі жатыр.

Дастархан мен күнделікті ас

Қазақ дастарханы — дәмді әрі мол. Бірақ ол сонымен қатар өте қуатты, нәрлә. Ет, май, қамыр, майға қуыру, күріш — мұның бәрі калорияға бай. Семіздігі бар адамдардың көпшілігі энергияның негізгі бөлігін құнарлы тағамдар алады: майы мен тазартылған көмірсулары көп, суы мен көк шөбі аз. Бұған қоса көше тағамдарының арасында да аса калориялы ас түрлері жеткілікті. Газдалған тәтті сусын мен лимонад та салмақ қосады.

Жас келген сайын гормондар өзгереді

Ерлерде 30–35 жастан кейін тестостерон деңгейі біртіндеп төмендей бастайды. Бұл гормон бұлшықет массасын және тыныш күйдегі энергия шығынын сақтауға көмектеседі. Ал май көбейген сайын тестостерон одан әрі азайып тағы да тұйық шеңберге тап болады.

Үнемі қысымда өмір сүру

Созылмалы стресс кезінде бүйрекүсті безі кортизол — стресс гормонын көп бөледі. Кортизол адамның мінез-құлқын өзгертіп, оны майлы, тәтті, «көңіл жұбататын» тағамдарға бейім етеді. Бұл – бойкүйездік емес, мидағы марапаттау жүйесінің жұмысы. Жиналған май метаболикалық мәселелерді күшейтіп, кортизолды одан әрі арттырады. Нәтижесінде тағы бір тұйық шеңбер пайда болады: стресс көп — кортизол жоғары — калориялы тағамға әуестік артады — қарын шығады — стресс күшейеді.

Ұйқының рөлі

Ұйқы зат алмасуды реттеу үшін қажет. Ересек адам үнемі 6 сағаттан аз ұйықтаса, ағза өзін қиын кезеңге дайындалып жатқандай ұстай бастайды. Ұйқы жетіспегенде грелин (аштық гормоны) көбейіп, лептин (тоқтық гормоны) азаяды. Соның салдарынан тамақты артығынан жеуге бейімділік артады.

Туа бітті бейімділік

Кейбір адамдар генетикалық тұрғыда семіздікке бейім болады. Алайда семіздіктің тек тұқымқуалаушылық немесе аурулармен түсіндірілетін жағдайлары аз. Көбіне негізгі себеп – өмір салты мен түрлі факторлар жиынтығы.

Бұл — ерік-жігер мәселесі емес

Генетика болмаса, кінәні ерік-жігердің әлсіздігіне арту оңай. Бірақ қазір семіздік қаупін арттыратын көптеген фактор бар: отырып істейтін жұмыс, түнгі ауысым, ұзақ жаяу серуеннің сиректігі, спорт алаңдарының аздығы және қолжетімді, тартымды калориялы тағамдар. Сондықтан беделді медициналық ұйымдар семіздікті көбіне әлеуметтік мәселе ретінде қарастырады. Ол – жалқаулықтың немесе мінездің әлсіздігінің нәтижесі емес, күрделі себептер жиынтығы.

Басқаша айтқанда, семіздік қаупін азайту үшін тамақтану, қимыл-қозғалыс, серуенге мән беріп, ұйқыны қалыпқа келтіру және мүмкіндігінше стрессті азайту қажет. Бұл кеңестер жиі айтылады. Бірақ семіздікпен күресте шынымен көмектесетін, бірден байқала бермейтін не бар?

Нәтиже беретін жол бар ма?

Семіздік өмір сүру ұзақтығын қысқартады және ұзақ мерзімді емдеуді талап етеді. Бір реттік серпіліс емес, жүйелі жұмыс керек.

Қатаң диетаның неге ұзаққа бармайды

Айлар бойы ештеңе өзгертпей жүріп, сосын кенеттен «бәрі бітті, дүйсенбіден жаңа өмір бастаймын» деп қатаң диетаға отыру таныс жағлай ма? Тамақ порциялары күрт азаяды, калория төмендейді, салмақ алдымен тез кетеді. Бірақ ағза мұны ашығу ретінде қабылдайды. Зат алмасуды баяулатып, тәбетті күшейтеді. Бірнеше апта немесе айдан кейін кері кетіп, порциялар үлкейіп, салмақ қайта оралады.

Ұзаққа жететін тамақтану үлгісі

Көптеген нұсқаулықтар шынайы мақсатты ұсынады: 6–12 ай ішінде бастапқы салмақтың 5–10%-ын тастау. Мұндай нәтиженің өзі қан қысымын, қант пен холестерин деңгейін жақсартады, буындарға түсетін салмақты азайтады. Маңыздысы — мінсіз диета емес, жылдар бойы ұстануға болатын тамақтану стилі қажет. Семіздікпен күрес – спринт емес, марафон.

Медицинаның мүмкіндіктері

Бұрын салмақ түсіретін дәрілерге күмән басым еді. Алайда соңғы жылдары жаңа, тиімді препараттар (мысалы, семаглутид) пайда болып, салмақты айтарлықтай азайтатынын көрсетті. Бұл — «жалқауларға арналған сиқырлы таблетка» емес, семіздігі бар науқастарға арналған медициналық ем.

Кез келген әсерлі дәрі сияқты, олардың да жанама әсерлері бар. Медициналық нұсқаулықтар оларды дене салмағының индексі 30 және одан жоғары болғанда қолдануды ұсынады.

Сонымен қатар бұл препараттар өмір салтын өзгертудің орнына емес, сонымен бірге тағайындалады. Семаглутид тоқтық гормонының әсерін қайталап, тәбетті бақылауға көмектеседі, бірақ адам бәрібір дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтын ұстануы тиіс. Қазақстанда семаглутид «Семавик» сауда атауымен сатылады.

Семіздік — үкім емес, өзгертуге болатын жағдай

Көзге көрінбейтін індеттің ауқымына қарамастан, қазіргі медицина артық салмақты жастың жазмышы емес, ықпал етуге болатын жағдай екенін анық көрсетеді. Оның үстіне, салмақтың аздап төмендеуі денсаулыққа үлкен пайда әкеледі. Әрбір ер адам өзіне шынайы сұрақ қойып, ойлануы керек: «мен қалыпты емес нәрсені қалыпты деп қабылдап кеткен жоқпын ба»?

Сондай-ақ оқыңыз