Павлодар облысында жол-көлік апатынан екі адам қаза тапты

Павлодар облысында «Павлодар – Омбы» тасжолында болған жол-көлік апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға салдарынан екі жүргізуші қаза тауып, бір жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Полицияның мәліметінше, апат 27 желтоқсан күні «Бобровка» ауылының маңында болған. Алдын ала дерек бойынша, көктайғақ кезінде Toyota Vitz көлігін басқарған жүргізуші көлікті игере алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан Hyundai Accent автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Оқиға орнында Toyota Vitz көлігінің жүргізушісі – әйел адам көз жұмған. Ал екінші көліктің жүргізушісі Тереңкөл аудандық ауруханасында алған жарақатынан қайтыс болды. Жол апаты кезінде тағы бір әйел жолаушы жедел жәрдеммен Павлодар облыстық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Қазіргі таңда екі автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Апаттың нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды ауа райы қолайсыз кезде жол ережесін қатаң сақтауға, жылдамдықты шектеуге және көліктің техникалық жағдайына ерекше мән беруге шақырады.
26 желтоқсанда Самара-Шымкент тас жолында жаппай көлік апаты орын алды.