Gucci-мен жұмыс істейтін қытайлар Түркістанда үш ірі мақта зауытын ашты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Түркістан облысы Отырар ауданы мақта зауыты қытай салған зауыт
фото: gov.kz

Әлемнің Louis VuittonGucci секілді ірі брендтерімен жұмыс істейтін Lihua Group қытай компаниясы Түркістан облысында екі күнде үш ірі зауытты іске қосты. Компания өңірге 200 млрд теңгенің инвестициясымен кірген.

Қытай капиталының күші

Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылында қытай ақшасына «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ашылды. Оны Сюй Цзе басқарады.

Өткен апта соңында кешенде заманауи мақта өңдеу зауыты мен тамшылатып суару технологиясын дайындайтын кәсіпорын іске қосылды. Содан бір күн бұрын қытайлар Түркістан қаласында жіп пен мата шығаратын тоқыма өнеркәсібін ашты.

Түркістан облысы Отырар ауданы мақта зауыты қытай салған зауыт
Жаңадан ашылған мақта өңдеу зауыты / фото: gov.kz

Lihua компаниясы Түркістан облысында жалпы саны 10 зауыт салуды көздеп отыр. Қазір тағы екі мақта өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр.

«Жоба аясында екі бірдей мақта өңдеу зауыты салынып жатыр. Жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын бұл өндірістер жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді», – дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кешеннің ашылу салтанатында. Өңір басшысының сөзін жергілікті әкімдік таратты.

Өндірісті ЖИ басқарады

Агрокешенге жасанды интеллект (ЖИ) жүйесі енгізілген. Басқару, бақылау, реттеу жұмыстары соның көмегімен жүзеге асады. Егіс алқабы, зауыттар түгел бақыланады. Су, мақтаның өсу барысы, жердің ылғалдылығын да қадағалайды.

Кешенде жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалған. 700-ге жуық жұмысшыға арналған жатақхана, асханалар бар.

Ал мақтаның шитінен мал шаруашылығына қажетті жем шығарылып жатыр. Бұл кешен – қалдықсыз өндіріс.

Түркістан облысы Отырар ауданы мақта зауыты қытай салған зауыт
Отырар ауданындағы мақта кешені / фото: gov.kz

Тоқыма өнеркәсібінің жаңа дәуірі

Зауыттың 20 мың өңделген мақта сақтайтын алып қоймасы бар. Мұндай қоймалар саны артады. Осында өңделген мақта Түркістандағы зауытта жіпке, матаға айналады. Ол кәсіпорын өткен аптада қаладағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында іске қосылды. Соның арқасында өңірде тоқыма өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды.

Әкімдік мәліметінше, кәсіпорын жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жиынтығы және 4 млн көрпе өндіруге қауқарлы.

Өңделген мақта мен өнім Еуропа мен Қытайдағы фабрикаларға экспортталады.

Жаңа технология

Қытайлар мақта егістігін 52 мың гектарға жеткізіп, бәрін су үнемдеу технологиясымен қамтуды көздеп отыр. 2025 жылы серіктестік Отырар ауданы мен Арыс қаласы аумағында 30 мың гектарға мақта егіп, әр гектардан орта есеппен 50-60 центнер өнім алды.

Аспан асты елінің өкілдері тақыр жерге мақта еге бастағанда жергілікті диқандар «түк шықпайды» деп мысқылдаған. Бірақ жайқалған мақтаны көрген уақытта технология құдіретіне тамсанған. Дегенмен өңірде «жерді тоздырып жібермей ме» деп күмәнданушылар аз емес.

Жаңадан ашылған үшінші кәсіпорын – тамшылатып суару құрылғылары мен суаруға арналған таспалар өндіретін өндіріс орны. Мұнда жылына 800 млн метр суару лентасы дайындалады. Ол 50 мың гектар алқапты заманауи суару жүйесімен қамтамасыз етеді.

Түркістан облысы қытай зауыты тамшылатып суғару технологиясы зауыт
фото: gov.kz

Сырдария ауылындағы жобаны іске асыруға 1,2 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорында 60 адам жұмыс істейді.

Lihua қытай компаниясы 200 млрд теңгені игеріп, қалған зауыттар іске қосылған уақытта, өңірде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ оқыңыз