Алмазбек Атамбаев мемлекеттік марапаттарынан айырылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Оған берілген медаль және ордендер беру туралы президент жарлықтары күшін жойды / Фото: Sputnik.uz
Оған медаль және ордендер беру туралы президент жарлықтары күшін жойды / Фото: Sputnik.uz

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев барлық мемлекеттік марапатынан айырылды. Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды.

Құжатта 2025 жылғы 3 маусымда Бішкектің Бірінші Май аудандық соты шығарған үкімді орындау мақсатында, Қырғыз Республикасының «Мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар және мемлекеттік сыйлықтар туралы» заңының 27-бабының 1, 2 және 4-бөліктеріне, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Конституциясының 71-бабына сәйкес шешім қабылданғаны көрсетілген.

«Алмазбек Шаршенович Атамбаев Қырғыз Республикасының келесі мемлекеттік марапаттарынан айырылсын:

  • Қырғыз Республикасының ең жоғары ерекшелік дәрежесі – «Кыргыз Республикасынын Баатыры» атағы;
  • «Манас» ордені II дәрежесі;
  • «Данакер» ордені;
  • «Данк» медалі», – делінген құжатта.

Сонымен қатар оған медаль және орден беру туралы президент жарлықтары күшін жойды.

Айталық, 1999 жылғы 22 сәуірдегі №106 «Атамбаев А. Ш.-ты «Данк» медалімен марапаттау туралы», 2007 жылғы 27 қарашадағы №518 «Атамбаев А. Ш.-ты «Данакер» орденімен марапаттау туралы», 2011 жылғы 30 қарашадағы №311 «Республиканың мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы» жарлықтың үшінші абзацы, 2017 жылғы 27 қарашадағы №1 «Атамбаев А. Ш.-қа «Кыргыз Республикасынын Баатыры» ең жоғары ерекшелік дәрежесін беру туралы» жарлықтар қайтарылды.

Мұның алдында Алмазбек Атамбаевтың отбасы Қой-Таштағы үйінен күштеп шығарылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз