Димаш 2025 жылғы Чехия хит-парадының жеңімпазы атанды

Тыңдармандардың ең көп қолдауына ие болған Love Is Not Over Yet әні Димашқа 2025 жылғы ÓČKO CHART жеңісін алып келді.
2024 жылы Димаш Чехияда өткен ÓČKO CHART музыкалық сыйлығын табыстау салтанатты рәсіміне қатысқан еді.
Dimashnews ақпаратына қарағанда, 2023 және 2024 жылдардың қорытындысы бойынша ол Together және When I’ve Got You композицияларымен жеңіске жеткен болатын. Осы уақыттан бері оның әндері чехиялық Óčko музыкалық телеарнасында тұрақты түрде эфирге шығып келеді. Ал өзі хит-парадтың ең көзге түскен қатысушыларының біріне айналды.
2025 жылы ÓČKO CHART хит-парадында Димаштың бірден екі туындысы ұсынылған. Олар – лирикалық Love Is Not Over Yet композициясы және қазақ тіліндегі Tau Ishinde әні.
Дауыс беру қорытындысы бойынша тыңдармандар Love Is Not Over Yet әніне қолдау білдірген. Ұйымдастырушылар болашақта әртіс жүлдені Прага қаласындағы TV Óčko студиясында жеке өзі қабылдайды деген үміт білдірді.
Димаш ÓČKO CHART тарихында барлық апта бойы дауыс беруде айқын басымдықпен жеңіске жетіп, әлі күнге дейін жеңілмеген жалғыз орындаушы атанды.
Димаш Құдайберген испаниялық опера әншісі Пласидо Доминго және хорват виолончелисті HAUSER-мен бірге өнер көрсетеді. Концерт 2026 жылдың 18 сәуірінде Будапеште өтеді.