Алдағы үш жылда білім, мәдениет және спорт саласына бөлінетін қаржы қысқарады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қай салаларға бөлінетін қаржы қысқарады / Фото: ИИ көмегімен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда ең төменді жалақы екі жылдан бері 85 мың теңге деп белгіленген. Алдағы үш жылда да бұл көрсеткіш өзгермей, 85 мың теңге көлемінде қалады. Сонымен қатар республикалық бюджеттен білім беру саласына бөлінетін ақша азайып, мәдениет, спорт, туризм, ақпарат саласына бағытталатын қаржы қысқарады. Бұл туралы 2026-2028 жылдарға бекітілген республикалық бюджеттің азаматтық бөлігінде жазылған. Құжатты Қаржы министрлігі жариялады

Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі

Жалпы алдағы үш жылда респубикалық бюджеттің шығысы артады. Жоспар бойынша, 2026 жылы шығыс 25,7 трлн теңгені құраса, 2027 жылы бірден 3 трлн теңгеге өсіп, 28,8 трлн теңгеге жетпек. Ал 2028 жылғы бюджет шығысы 29,8 трлн теңгені құрайды. Осы үш жылда да бұл қаржының 10 трн теңгеден астамы әлеуметтік салаға жұмсалады.

Биыл әлеуметтік салаға 10,4 трлн теңге бөлінген. 2026 жылы 10,8 трлн теңге бөлу жоспарланған. Ал 2027-2028 жылдары 10,8 трлн және 11,4 трлн теңге бөлінбек.

Бұл қаржының 40 пайызы әлеуметтік сақтандыру мен әлеуметтік көмекке жұмсалады. Ал денсаулық сақтау саласына 2026 жылы 2,7 трлн теңге бөлінсе, 2027-2028 жылдары азайып, 2,3 трлн теңгені құрайды.

Білім мен мәдениетке бөлінетін қаржы азаяды

Бюджет жоспарына сәйкес, әлеуметтік блогтағы білім беру, мәдениет, спорт-туризм және ақпарат саласынына бөлінетін қаржы азаяды.

Мәселен, 2025 жылы білім беру ісіне 1,5 трлн теңге бөлінсе, 2026 жылы бірден 600 млрд теңгеге қысқарып, 903 млрд теңгені құрайды. Ал 2027-2028 жылдары республикаық бюджеттен 841 және 790 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Дереккөз: Қаржы министрлігі

Ал мәдениет, спорт, туризм, ақпарат саласында биыл бюджеттен – 312 млрд теңге қарастырылса, 2026 жылы 337 млрд теңгеге жетпек.

Алайда 2027-2028 жылдары күрт қысқарып, сәйкесінше 257 және 261 млрд теңге жұмсалады.

Үш жылдық бюджетке президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 желтоқсанда қол қойған.

Сондай-ақ оқыңыз