Халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне мемлекет 94 млн теңге төледі

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Мемлекет 5 жасқа дейінгі балалардың келешектегі білімі мен баспанасына ақша береді
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстан оқушыларының халықаралық білім бәсекелеріндегі жетістігі жыл сайын артып келеді. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова TALIS-2024 нәтижелерін таныстыру барысында айтты.

Вице-министрдің мәліметінше, кейінгі жылдары 1657 қазақстандық оқушы әлемнің 36-дан астам халықаралық пәндік олимпиадасы мен ғылыми конкурсына қатысқан. Соның нәтижесінде ел қоржынына 992 медаль түскен.

Атап айтқанда, оқушылар 177 алтын, 329 күміс, 416 қола медаль иеленген.

Бұдан бөлек, 2025 жылы өткен 7 беделді халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 27 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 4 алтын, 13 күміс және 10 қола жүлде бар.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекет дарынды балаларды қолдауға және оларды дайындаған педагогтердің еңбегін ынталандыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта халықаралық олимпиада жеңімпаздарына 94,3 млн теңге көлемінде сыйақы төленген. Сонымен қатар, оқушыларды дайындаған 24 педагог-тренерге 7,4 млн теңге көлемінде қаржылай марапат берілген.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықаралық ғылыми конкурстар мен олимпиадалардың жүлдегерлерін мемлекеттік деңгейде ақшалай ынталандыруды көздейтін заңнамалық норма қабылданған.

Сондай-ақ оқыңыз