Елдегі екі ірі қалада жатақхана мәселесі әлі шешілмей тұр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі кейінгі жылдары жүйелі түрде шешіліп келе жатқанымен, орын тапшылығы әлі де Астана мен Алматы қалаларында сақталып отыр.

Жылдық есеп беру жиынында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова 2019-2025 жылдар аралығында республика бойынша 254 студенттік жатақхана пайдалануға беріліп, 62 мыңнан астам жатын-орын іске қосылғанын айтты. Соның ішінде 2024 жылы 40 жатақхана салынса, 2025 жылдың соңына дейін 31 жатақхана пайдалануға беріліп, 10 740 орында тұру мүмкін болған.

Осы жұмыстардың нәтижесінде 2019 жылы 82,5 мың жатын-орынды құраған жатақхана тапшылығы 2025 жылы 6 840 орынға дейін қысқарған. Қазір орын жетіспеушілігі негізінен тек Астана мен Алматы қалаларында ғана байқалады.

«Біз жатақхана мәселесін тек бюджет есебінен емес, жаңа қаржылық және институционалдық механизмдер арқылы шешіп келеміз. Астана мен Алматыда жобалық фронт-офистер құрылды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік күшейтілді. Құрылыс пен реконструкцияға берілетін қолдау көлемі артты. Бұл жеке инвесторлардың белсенділігін өсірді. 2025 жылы Астана қаласында жатақхана тапшылығын толық жоюды көздеп отырмыз», – деді Гүлзат Көбенова.

Министрлік мәліметінше, өңірлердің басым бөлігінде жатақхана мәселесі іс жүзінде шешілген. Сонымен қатар ірі жобалар да қолға алынған. Атап айтқанда, Сәтбаев университеті үшін 5 900 орындық жатақхана салу жобасы пысықталуда. Қайта жаңғыртуға арналған мемлекеттік қолдау көлемі 98 пайызға ұлғайып, бұл құрылыс қарқынын арттыруға мүмкіндік берген.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы республикада 16 900 орын тапшылығы болғаны жайлы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз