Криптоға байланған ETF: Қазақстан қор нарығында ерекше режим іске қосылады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығында ерекше реттеу режимін енгізу туралы қаулы қабылдады. Бұл шешім цифрлық активтердің құнына байланған биржалық инвестициялық қорларды (ETF) қор нарығында айналымға жіберуге құқықтық негіз қалыптастырады.
Құжаттың мазмұнына қарағанда, сөз криптовалютаны тікелей заңдастыру туралы емес, керісінше, оның бағасына байланысты қаржы құралдарын реттелетін ортада сынақтан өткізу туралы болып отыр.
Ерекше реттеу режимі бес жыл мерзімге енгізіледі. Осы кезеңде нарықтың бірқатар қатысушысына қолданыстағы кейбір нормативтік талаптар қолданылмайды. Бұл ретте Агенттік нарықты толық еркіндікке жібермей, керісінше, нақты шектеулер мен шарттар арқылы бақылауды сақтап отыр.
Қаулыға сәйкес, ерекше режимге қор биржасы, орталық депозитарий, клирингтік ұйым, брокерлер және жабық пайлық инвестициялық қорларды басқарушылар қатыса алады. Алайда олар бұл мәртебені автоматты түрде алмайды, агенттікпен арнайы келісімшарт жасасуы қажет. Бұл тетік арқылы реттеуші орган қатысушыларды іріктеп, тәуекелді басқаруды көздеп отыр.
Цифрлық активтерге байланған ETF-тердің өзіне де бірқатар талап қойылған. Мұндай ETF Агенттік бекіткен тізімге кіретін шетелдік немесе отандық қор биржасының ресми тізімінде болуы тиіс. Сонымен қатар, сол биржадағы орташа тәуліктік сауда көлемі кемінде 500 мың АҚШ долларына тең болуы қажет. Бұл шарт кездейсоқ немесе өтімділігі төмен құралдардың нарыққа кіруін шектеуге бағытталған.
ETF шығарушы компанияның жарғылық капиталы немесе бастапқы инвестиция көлемі кемінде 100 мың АҚШ долларын құрауы тиіс.
Сонымен бірге эмитент ақпаратты ашық жариялап отыруға, активтердің сақталуын қамтамасыз ететін кастодианмен, аудит жүргізетін ұйыммен және таза активтер құнын есептейтін инфрақұрылыммен жұмыс істеуге міндетті.
Инвесторлар үшін де қатаң шектеу бар. Қаулы бойынша, цифрлық активтерге байланған ETF-термен мәмілелер тек білікті инвестормен жасалады. Бұл ретте бір инвесторға шаққандағы мәміле көлемі 20 млн теңгеден аспауы тиіс.
Бұған дейін Қазақстанда сатып алуға рұқсат етілетін криптовалюталардың тізімі бекітілетіні хабарлаған.