Миллиардер Өтемұратов Home Credit Bank-ті толық сатып алды

Миллиардер Болат Өтемұратовқа тиесілі ForteBank Home Credit Bank-ті сатып алу жөніндегі мәмілені толық аяқтады. ForteBank-тің қатысу үлесі 100%-ға жетіп, Home Credit Bank-тің жалғыз акционері атанды.
Банктің хабарлауынша, Home Credit Bank клиенттері үшін қызмет көрсету шарттары мен тәртібі өзгермейді, барлық келісім бұрынғы режимде сақталады.
Мәміленің нақты шарттары мен түпкілікті құны ресми түрде ашық айтылған жоқ. Алайда бұған дейін ForteBank Home Credit Bank акцияларының бір бөлігін сатып алу құнын жариялаған болатын. Сол мәліметтерге сүйенсек, Home Credit Bank-тің толық құны шамамен 172 млрд теңгеге бағалануы мүмкін. Бұл – банктің меншікті капиталының шамамен 76 пайызына тең.
Осылайша, ForteBank Home Credit Bank-ті толық иеленіп, оның қызметін өз тобының құрамында жалғастыруды жоспарлап отыр.
2025 жылдың маусым айында ForteBank пен Home Credit Bank арасында 100 пайыз акциясын сатып алу жөнінде келісім жасалған.
Home Credit Bank Чехияның ең бай әйелі Рената Келлнерова мен оның басқарушы серіктесі Иржи Шмейцке тиесілі болған. Келлнерова – PPF тобының бұрынғы иесі, 2021 жылы әуе апатынан қаза тапқан Петр Келлнердің жесірі. Forbes мәліметінше, оның байлығы 19 млрд долларды құрап, әлемдік рейтингте 104-орында тұр.
Болат Өтемұратов – Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлер рейтингінде көш бастап тұрған миллиардер. 3,7 млрд доллар дәулетімен елдегі ең бай он кәсіпкердің қатарына кіріп, 6-орынға жайғасқан. Оның бизнес активтері қаржы, телекоммуникация, девелопмент және қонақүй салаларын қамтиды. Кәсіпкердің қызметінде білім беру және қайырымдылық жобалары, сондай-ақ теннисті дамыту ерекше орын алады.