Астанада қазақы эко-шырша бой көтерді

Астана қаласындағы Нұржол бульварында шығармашыл еріктілер құрастырған ерекше арт-нысан – құрақ-көрпе стиліндегі эко-шырша таныстырылды. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Осыған дейін де қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген бұл жоба биыл тұрғындардың сұранысы бойынша жаңартылған әрі мазмұны тереңдетілген форматта ұсынылды. Жоба дәстүрлі қолөнерді заманауи креативті индустриямен ұштастырып, өнер, экологиялық сана және әлеуметтік бірліктің бір арнада тоғыса алатынын көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды қазіргі қалалық кеңістікке бейімдеу.
«Құрақ-көрпе стиліндегі эко-шырша жобасы қалаға тұрғындардың тікелей сұранысы бойынша қайта оралды. Ол алғаш рет 2020 жылы жүзеге асырылған еді.
Шыршаға арналған барлық тоқыма ойыншықтар балалардан бастап аға буын өкілдеріне дейінгі қала тұрғындарының қолымен жасалды», – деді жоба ұйымдастырушысы Рахима Мұқышева.
Эко-шырша мен тоқыма ойыншықтарды жасауға үш буын өкілдері – әжелер, аналар, қыздар мен немерелерден құралған 50-ден астам ерікті қатысты. Бар болғаны екі күн ішінде нөлден бастап 100-ден астам тоқыма ойыншық дайындалып, символдық «Жақсылық сандығын» толтырды. Бұл бұйымдар елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантатын үлкен арт-объектінің ажырамас бөлігіне айналды.