2026 жылы көліктер Алматыға ақы төлеп кіре ме

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматы қаласы көлік кептелісі
фото: shutterstock

Алматы атмосферасын қорғауды көздейтін жаңа ережеге сай мегаполиске немесе оның жекелеген аумақтарына ақылы кіру туралы тәртіп жоқ. Қалалық мәслихат сессиясында шаһар әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, әзірге ауаны қорғаудың жаңа ережелері енді ұйымдастырылып жатыр.

«2026 жылдан бастап ақылы жүйені енгізу жоспарланбаған, өйткені ол үшін заңнаманы өзгерту қажет. Алдымен жоба сыналады. Оның артық-кем тұстары сараланып, содан кейін ғана әрі қарай дамыту бағыты айқындалады», – деді шенеунік.

Сматлаев қаланың шығыс, батыс және солтүстік бөліктерінде көлікке ауысып міну тораптары салынатынын айтты. Ол жерге жаңа метро желілері мен LRT бағыттары тартылады. Сонымен бірге қосымша автобустар қатынайды.

Әкім орынбасарының дерегінше, қазір Алматы көшелерінде күн сайын 1 миллионнан астам автокөлік жүреді.

«Әлемде тұрғындардың шамамен 70%-ы қоғамдық көлікті, ал 30%-ы жеке автокөлікті пайдаланады. Алматыда қозғалыстың 60%-ы жеке көлікке, 40%-ы қоғамдық көлікке тиесілі», – дейді ол.

Тұрғындар қоғамдық көлікпен көбірек жүрсе, мегаполисте автокөлік саны шамамен 300 мыңға қысқаруы мүмкін. Соның арқасында қала экологиясы едәуір жақсарады.

Сондай-ақ оқыңыз