2026 жылы қандай мемлекеттік бағдарламамен үй алуға болады

2026 жылы да бірқатар мемлекеттік бағдарлама жұмысын жалғастырады. Осы ретте krisha.kz сайты келер жылы қандай бағдарламалармен баспана алуға болатынын жазған.
«Наурыз» бағдарламасы
Отбасы банкінің мәліметінше, «Наурыз» бағдарламасы кемінде 2031 жылға дейін жұмыс істейді. 2026 жылы жаңа өтінімдер қабылдау мерзімі әзірге нақтыланбаған, алайда көктемде басталуы мүмкін.
Бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлеме – 9%, ал әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 7% болып белгіленген. Алғашқы жарна таза әрлеудегі пәтер үшін 10%, қара әрлеудегі тұрғын үй үшін 20% болмақ.
Несие сомасының шегі Астана мен Алматыда – 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін. Қарыз мерзімі – 19 жыл. Биыл «Наурыз» ипотекасында бір орынға төрт адам үміткер болған.
«Наурыз жұмыскер»
«Наурыз жұмыскер» ипотекасы да алдағы алты жыл бойы сақталады. Бағдарлама өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстары саласында жұмыс істейтін азаматтарға арналған.
Шарттары «Наурыз» ипотекасымен бірдей. Жаңа өтінімдер 2026 жылдың көктемінде қабылданады деп күтіледі.
«7-20-25» бағдарламасы
Мемлекеттік «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы 2026 жылы да жалғасады. 5 қаңтарда көлемі 25 млрд теңге болатын жаңа транш бөлінеді.
Бағдарлама бойынша мөлшерлеме – 7%, алғашқы жарна 20%-дан бастап, несие мерзімі 25 жылға дейін деп белгіленген
Максималды қарыз сомасы өңірлерге қарай белгіленген:
– Астана, Алматы және олардың маңындағы елді мекендерде, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкентте – 30 млн теңге;
– Қарағандыда – 25 млн теңге;
– басқа өңірлерде – 20 млн теңге.
Биыл несие лимиттері ұлғайтылған.
Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы
«Ұмай» әйелдер ипотекасы 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланғанымен, басталмай қалды. Қазір бағдарлама 2026 жылы қайта іске қосылады деген болжам бар. Алайда қаржы көлемі мен нақты мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
Алдын ала мәліметке сәйкес, пайыздық мөлшерлемесі – 14,4%, кейін 3,5–5% дейін төмендеуі мүмкін. Алғашқы жарнасы 15–20% болса, 25 жылға дейін 50 млн теңгеге дейін қарыз берілмек.
«Жасыл ипотека»
«Жасыл ипотека» – Отбасы банкінің энергоүнемдейтін әрі экологиялық талаптарға сай тұрғын үйді сатып алуға арналған бағдарламасы. Мұндай тұрғын үйлер LEED, BREEAM, ГОСТ немесе OMIR сертификатына ие болуға тиіс.
2025 жылы бағдарлама аясында 570 несие рәсімделіп, жалпы көлемі 14,7 млрд теңгені құрады. 2026 жылы бұл бағыттағы ипотека беру жалғасады.
Бағдарлама бойынша қарыз сомасы – 50 млн теңгеге дейін, алғашқы жарна 20%-дан бастап (тұрғын үй төлемдерін алатындар үшін – 15%). Пайыздық мөлшерлемесі 12,5% болса, қарыздың 50%-ы жиналғаннан кейін пайызы 3,5–5% дейін төмендейді.
«Жасыл ипотека» бойынша пәтер сатып алуға болатын тұрғын үй кешендерінің тізімі Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланған.
Сонымен қатар «Әскери баспана» бағдарламасы қайта жандандатыны хабарланған.