2026 жылы Алматыда тағы 350 «Сергек» камерасы орнатылады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: gov.kz

Бүгін, 30 желтоқсанда Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XI сессиясы өтті. Сессия барысында «Сергек» жобасы бойынша «Көркем Телеком» компаниясымен серіктестікті тағы бір жылға, яғни 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім бірауыздан қабылданды.

Қала цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейрам Дүйсековтің айтуынша, келесі жылы Алматыда қосымша 350 «Сергек» кешені орнатылады. Бұл шығындарды компания өз есебінен көтереді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Алматыда 1641 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істеп тұр. Бұл – жол белгілері мен тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, автобус жолағымен жүру, жаяу жүргіншіні өткізбеу сынды тәртіпбұзушылықтарды тіркейтін 9000-нан астам жеке камера.

Еске салсақ, Астанада «Сергек» жүйесін алмастыратын жасанды интеллект негізіндегі жаңа бейнебақылау жобасы іске қосыла бастайды. Жобаны Біріккен Араб Әмірліктерінің G42 холдингіне кіретін халықаралық Presight компаниясы жүзеге асырады.

Сондай-ақ оқыңыз