Бибісара Асаубаева блицтен үш дүркін Әлем чемпионы болды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Бибісара Асаубаева
Бибісара Асаубаева блиц-шахматтан Әлем чемпионы болды / Фото: Қазақстан Шахмат Федерациясы

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Дохада өтіп жатқан блицтен Әлем чемпионатында топ жарып, шахматтың осы түрінен үшінші мәрте Әлем чемпионы болды. Бұл туралы Қазақстан Шахмат Федерациясы хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, Қатар астанасы Дохада өткен блиц бойынша әлем чемпионатында Бибісара финалға шығып, тартысты бәсекеде Анна Музычукты жеңіп, блицтен әлем чемпионы атанған.

Осылайша, 21 жастағы тараздық спортшы блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанды. Осыған дейін ол 2021 және 2022 жылдары жеңімпаз болған. 2021 жылы Бибисара рапидте Әлемнің вице-чемпионы болды.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асаубаеваны жеңісімен құттықтап, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

«Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады. Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым», – делінген президент құттықтауында.

Бұл жеңіс отандасымызға 2026 жылы әлемдік шахмат тәжі үшін өтетін Үміткерлер турниріне қатысуға жолдама береді.

Блиц – аса жылдам ойналатын шахмат түрі. Әдетте әр ойыншыға 3-5 минут қана беріледі. Мұнда тез ойланып, шапшаң шешім қабылдау қажет. Сол себепті блицте шахматшының ойын тәжірибесі маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ оқыңыз