Тақырға мақта өсірген қытайлар инвестицияны 600 млн долларға дейін ұлғайтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мақта жинау Түркістан облысы
фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Оңтүстікте мақта егіп, кластерді дамытуға 450 млн доллар салған Lihua қытай компаниясы инвестиция көлемін тағы 150 млн долларға арттыру жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақстан СІМ мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Бір күн бұрын Xinjiang Lihua (Group) бас директоры Сюй Цзе Астанада вице-министр Әлібек Қуантыровпен, «Kazakh Invest» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбекпен кездесті. Олар Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру, инвестиция көлемін кеңейту жоспарын талқылады.

Қытай компаниясы өңірде 10 ірі өндірісті іске қосуды көздеп отыр. Бірнешеуі желтоқсанда ашылды. Қалғандары 2026 жылдың бірінші тоқсанында жұмыс істей бастайды.

Цзе бөлінген қаражат көлемінің ұлғаюы инвестордың елге ұзақ мерзімге келгенін көрсетеді деп отыр. Оның айтуынша, компания Қазақстанды экспорт әлеуеті бар өндірісті дамыту үшін негізгі алаң ретінде қарастыра отырып. Сол себепті жобаны кеңейту және жалпы инвестиция көлемін 600 млн долларға дейін арттыру туралы шешім қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, Gucci-мен жұмыс істейтін қытайлар өткен аптада Түркістанда үш ірі мақта зауытын ашқан.

Аспан асты елінің өкілдері тақыр жерге мақта еге бастағанда жергілікті диқандар «түк шықпайды» деп мысқылдаған. Бірақ жайқалған мақтаны көрген уақытта технология құдіретіне тамсанған. Дегенмен өңірде «жерді тоздырып жібермей ме» деп күмәнданушылар аз емес.

Сондай-ақ оқыңыз