2025 жылы нәрестелер өлімі азайған

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі өткен 2025 жылдың қорытындысын шығарып, елдің денсаулық сақтау саласы жыл ішінде нақты нәтижелер көрсеткенін мәлім етті.
«Жалпы өлім-жітім 2,6%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім 6,3%-ға төмендеді. Нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші тарихи минимумға жетті – 18,7%-ға азайды. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша орташа өмір сүру ұзақтығы 75,8 жас деңгейінде болады деп күтілуде», — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ министр Қазақстанның БҰҰ-ның Адами даму индексінде жеті сатыға жоғарылап, 193 елдің ішінде 60-орынға көтерілгенін атап өтті.
Министрліктің хабарлауынша, басты жетістіктердің бірі — МӘМС жүйесін жетілдіру туралы қабылданған заң. Соның нәтижесінде жаңа жылдан бастап шамамен бір миллион адам медициналық көмекке қол жеткізеді.
Елде Орталық Азиядағы алғашқы протондық терапия орталығы ашылған. Сонымен қатар медицина саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект белсенді түрде енгізілуде.