Жаңа жыл түні 254 сәби дүниеге келді

Қазақстанның перзентханаларында Жаңа жыл түні 254 сәби дүниеге келді. Ұлдар мен қыздардың саны бірдей.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, олардың ішінде Ақтөбе облысында бір егіз дүниеге келді.
Дәстүрлі түрде ең көп нәресте туған өңірлер: Түркістан облысы – 29 бала, Шымкент қаласы – 24, Астана – 22 және Алматы қаласы – 21.
«Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасы шеңберінде экстрагениталдық патологияларды анықтау, жоспарланған жүктілікке дейін зерттеп-қараулар мен сауықтыру мақсатында профилактикалық қарап-тексерулер мен прегравидарлық дайындық жүргізуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша прегравидарлық дайындықпен қамту 11%-ға артып, әйелдердің 46,5%-ы болды», – делінген хабарламада.
Министрліктің дерегінше, жүктіліктің 10 аптасына дейін ерте есепке тұрған жүкті әйелдердің саны 25%-ға өскен. Бұл әрбір болашақ анаға күтім көрсетуге, қауіпсіз босануға және босанғаннан кейінгі бақылауды жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кететін жайт, Тәуелсіздік күні елімізде 725 сәби дүниеге келген еді.