Ирандағы наразылықтар кезінде кемі алты адам қаза тапты

Иранда экономикалық ахуал мен жоғары инфляция салдарынан басталған наразылық акциялары бірнеше күннен бері тоқтамай тұр. Бұқаралық ақпарат құралдары мен құқық қорғау ұйымдары наразылықтар кезінде алғашқы адам шығыны болғанын мәлімдеді. Қаза тапқандардың арасында күштік құрылым қызметкері де болуы ықтимал.
DW агенттігінің мәліметінше, Иранда күрделі экономикалық жағдайға байланысты басталып, бесінші күнге жалғасып жатқан наразылықтар барысында кемінде алты адам қаза тапқан. Бұл туралы бейсенбі күні кешке, 1 қаңтарда, америкалық Associated Press агенттігі хабарлаған. Наразылық кезіндегі алғашқы құрбандар туралы ақпаратты жергілікті БАҚ пен Reuters агенттігі де таратты. Алайда қаза тапқандардың нақты саны көрсетілмеген.
Иранның Fars ақпарат агенттігі мен Hengaw құқық қорғау тобының мәліметінше, елдің оңтүстік-батысындағы Лордеган қаласында өлім дерегі тіркелген. Тағы бір адамның Иранның орталық бөлігіндегі Исфахан провинциясында қаза тапқаны хабарланды.
1 қаңтар күні Иран Ислам Республикасының мемлекеттік телеарнасы елдің батысындағы Лурестан провинциясының Кухдешт қаласында «Басидж» атты әскерилендірілген жасақтың бір мүшесі өлтірілгенін хабарлады. Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) оның өліміне демонстранттарды айыптады. Ал Hengaw құқық қорғау ұйымы қаза тапқан адам қауіпсіздік күштері өлтірген наразылық білдіруші болғанын мәлімдеді.
Ирандағы жаппай наразылықтар
Иранда наразылықтар 28 желтоқсанда басталды. Сол күні Тегеранда алдымен ұялы телефон сататын, кейін басқа да дүкен иелері елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауына қарсылық білдіріп, сауда орындарын жапты. Кейінірек наразылық акцияларына басқа ірі қалалардың тұрғындары қосылды.
30 желтоқсанда наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы алғашқы қақтығыстар туралы, сондай-ақ күштік құрылымдардың көзден жас ағызатын газ қолданғаны жөнінде хабарлар тарады.
Dpa агенттігінің жазуынша, көп ұзамай наразылық саяси сипат алды. Қатысушылар «Диктаторға өлім» және «Патша жасасын» деген ұрандар айта бастады. Біріншісі Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменейге қатысты айтылған болуы мүмкін. Ал екіншісі 1978–1979 жылдардағы Ислам революциясы нәтижесінде құлатылған шах басқарған монархияны қалпына келтіруге шақыруды білдіреді.