Тоқаев: Қазақстан цифрлық державаға айналуға тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар елдің болашағы үшін шешуші бағыт екенін мәлімдеді. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Оның айтуынша, Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық елге айналуы керек.
Мемлекет басшысы халықтың мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімді. Сондай-ақ Президент жаһандағы жасанды интеллект саласындағы бәсекеге де тоқталды. АҚШ пен Қытай арасында қыза түскен технологиялық тартыс бүгінде әлемдік тәртіптің жаңа ережелерін қалыптастырып жатыр. Қытайда бұл салада жұмыс істейтін бес мыңға жуық компания бар. Ал дамыған өзге елдер де бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде.
«Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. ІТ-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады»», – деп мәлімдеді Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар CryptoCity атты цифрлық активтерге арналған пилоттық аймақ құрылуда, ал Alatau City қаласы – жаңа технологияларға негізделген заманауи орталық ретінде дамиды. Мемлекеттік деректерді жинау және талдау ісі де жедел қарқын алып келеді. Президент мұндай деректерді «жаңа дәуірдің алтыны» деп атады.
Жасанды интеллектті дамытудың нақты қадамдары
Тоқаев былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастағанын еске салып өтті. Оған шетелдің және елдің беделді сарапшылары шақырылды. Ал қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жақында күшіне енеді. Бұл заң – елімізде жасанды интеллектті қолдану мен реттеуге арналған алғашқы құқықтық база. Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, бұл салаға тікелей мемлекеттік бақылау енгізілді.
«Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясымен бірлесіп, дербес платформа құрды. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады», – деді ол.
Жасанды интеллект – болашақтың өзегі
Президенттің айтуынша, жасанды интеллект пайда болғалы бері болашақтың кемесіне мініп үлгерген елдер мен ескі жүйеде қалып қойған мемлекеттердің арасы айтарлықтай алшақтай бастаған. Сондықтан да Қазақстан дамудан қалыс қалмауы тиіс.
«Мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні еліміздің даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл бұл салада өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Осы арқылы Қазақстан тек тұтынушы ел емес, технология өндіретін және экспорттайтын цифрлық держава болуды көздеп отыр.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрлық даму және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұған қоса, ол биыл елімізде конституциялық реформа болатынын атап өтті.