Алматы қаласында қойма өртенді
Жарияланды

8 қаңтарға қараған түні Алматы қаласы Солтүстік айналым тас жолында орналасқан қойма өртенді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен уақытта қойманың ашық жалынмен өртеніп жатқаны анықталды. Өрт сөндіру штабы құрылды. Оны сөндіруге 85 адам мен 22 бірлік техника жұмылдырылды.

Сол жерде үш жауынгерлік учаске ұйымдастырылды. Өртті сөндіруге ТЖМ автопойызы тартылды.
Түнгі сағат екіде ТЖМ күштері өртті оқшаулады. Ал таңғы сағат жетіде өрт толық сөндірілгені хабарланды.
Тілсіз жау 1900 шаршы метр алаңды шарпыды. Құтқарушылар өрттің жанындағы ғимаратқа таралуына жол бермеді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
